KZ
Өскемен
снегопад жел 1 м/с, С
530.12 546.08 5.17

Өңірдің дәрігерлері: заманауи әдістермен жаңа өмір сыйлауда

Фото: Денсаулық сақтау басқармасынан

Кеше, 16:00 83 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері жыл сайын мыңдаған операция жасап, көптеген пациенттің өмірін сақтап келеді. Өткен жылы аймақ мамандары ота жасаудың ерекше әрі заманауи әдістерін меңгеріп, өңірде бұрын-соңды болмаған күрделі операцияларды жүзеге асырды. Бұл оталардың барлығы Медициналық сақтандыру қорының шеңберінде тегін жасалды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстық Ана мен бала орталығында дәрігерлер өте сирек кездесетін патологиясы бар жас науқасқа ерекше ота жасады. Өңеш кардиясының ахалазиясы диагнозы қойылған 11 жасар баланың жағдайы қиындай түскен еді. Дәрігерлер бейнеэндоскопиялық әдісті пайдалана отырып, балаға өңешті кеспей-ақ жоғары технологиялы операция жасады.

Тағы бір мысал – гидроцефалия диагнозы қойылған 11 жасар Камилла Байзақоваға жасалған операция. Нейрохирургтер оған шунт орнату арқылы мидың сұйықтық айналымын қалыпқа келтірді. Ерте диагностика мен заманауи емдеу әдістерінің арқасында бүгінде мұндай диагноз қойылған пациенттердің басым бөлігі аман қалады.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері жүрегінде ақауы бар жаңа туған нәрестеге эндоваскулярлық әдіспен операция жасады. Бұрын мұндай операциялар елордада ғана жасалатын болса, қазір бұл технология Өскеменде де қолданылып жүр. Жаңа әдіс жүрекке жарақатсыз қол жеткізуге мүмкіндік береді, ал науқастар қысқа мерзімде сауығып шығады.

Облыстық онкологиялық орталықта аз инвазивті трепан-биопсия әдісі енгізілді. Бұл әдіс пациенттің ағзасына минималды әсер ете отырып, ісікті диагностикалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бауыр қатерлі ісігі бар науқастарға химиоэмболизация әдісімен емдеу жүргізіледі.

Аймақ дәрігерлері нейростимулятор орнату арқылы эпилепсиямен ауыратын балалардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартты. Бұл озық технология ұстамаларды азайтып, науқастардың өмірін жеңілдетуге көмектеседі.

ШҚО-ның медицина саласындағы жетістіктері – өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің қарқынды дамуының жарқын көрінісі. Жоғары технологиялы операциялар мен заманауи әдістер өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, отандық медицина деңгейін жаңа белеске көтеруде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу