Семейде Нұрсұлтан Назарбаев атына көше беріле ме?
Семейде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Жиында «қалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атына көше беріле ме?» деген сұрақ көтерілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Бұл мәселе республикалық деңгейде көтерілгенде облыс орталықтарында ғана Нұрсұлтан Назарбаев атына көше берілуі керектігі айтыған. Сондықтан Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылының атауы өзгертілді. Ал Семейдің бір көшесін Елбасының атымен атау туралы нақты ұсыныс болған емес, – деді аталмыш бөлімнің жетекшісі Маржан Бахытқызы.
Мамандар сөзінше, көше атауы жазылған бір тақта 2800 теңге. Қаладағы жеті көшенің тақтайшаларын ауыстыруға 1 миллиондай қаражат кетеді.
Маржан Бахытқызы тақтайшаларды ауыстыруға тұрғындар қалтасынан ешқандай ақша шықпайтынын айтады. Бұл іске жеке кәсіпкерлер тартылады екен.