Азия чемпионаты: Финалға бір-ақ қадам қалды
Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан волейболдан клубтық Азия чемпионаты шарықтау шегіне жетті. Бүгін жарыстың жартылайфиналдық ойындары ойналмақ.
Қазақстанның төрт дүркін чемпионы "Алтай" финалға берілетін жолдама үшін Тайландтың "Суприм" командасымен таласады. Айта кетейік, чемпионаттың ширек финалында өскемендік ұжым Солтүстік Кореяның "25-ші сəуір" командасын жеңсе (есеп 3:2), Тай елінің мықтысы "Гонконг" волейболшыларынан басым түскен (3:0).
Еске салайық, "Алтай" мен "Супримнің" жолы осыған дейін екі рет түйісіп, ол матчтың екеуінде де тайландтық команда жеңіске жеткен. Бұл матчтың бірі 2017 жылы Өскеменде өткен құрлықтық дода аясында өтсе, енді бірі былтырғы Əлем біріншілігінде ойналған.
Қос ұжым арасындағы үшінші кездесу бүгін сағат 14:30-да басталмақ. Аталған ойында мерейі үстем болған команда доданың финалында жапондық "Хисамицу Сеяку Спрингс" пен қытайлық "Тяньцзинь Бохай Банк" арасындағы матчтың жеңімпазымен кездесетін болады.