Азия чемпионаты: "Алтай" тағы финалдан тыс қалды
"Алтай" Азия чемпионатының финалына шыға алмай қалды. Жаңа ғана құрлықтық доданың бірінші жартылай финалы аяқталып, онда Тайландтың "Суприм" командасы ірі есеппен Қазақстан чемпионын ұтты.
Үш-ақ партияға созылған кездесуде Чонбури қаласының волейболшылары алдымен 25:23, ал артынша 25:18 жəне 25:15 есебімен жеңіске жетіп, финалға берілетін жолдамаға ие болды. Енді олар жапондық "Хисамицу Сеяку Спрингс" пен қытайлық "Тяньцзинь Бохай Банк" командалары арасында өтетін екінші жартылайфиналдық кездесудің жеңімпазымен Азия чемпионы атағын сарапқа салады.
Ал "Алтай" болса, кезекті рет құрлықтық доданың финалынан тыс қалды. Ертең Юрий Панченко шəкірттері үшінші орын үшін ойында екінші жартылайфиналдық матчта жолы болмаған командамен кездеседі.