Даниал Ахметов Өскеменде салынып жатқан Арбатқа барды
Облыс əкімі Даниал Ахметов Өскемендегі Бейбітшілік көшесінде салынып жатқан Арбатқа барып, мұндағы құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айта кетейік, жоспар бойынша облыс орталығындағы тұңғыш арбаттың бірінші бөлігі (Сағадат Нұрмағамбетов жəне Максим Горький көшелерінің аралығы) маусым айының соңына дейін салынып бітуі керек.
Жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан аймақ басшысы оған оң бағасын бере келе, мұндағы тұрғындар мен сауда нүктелері иелерінің тілектері де ескерілуі керектігін айтты. Айта кетейік, Арбатта облыс əкімі жергілікті халықпен де кездесті.
- Əрине, тұрғындар мен кəсіпкерлер тарапынан біраз түсінбестік туындауы мүмкін. Мəселен, кəсіпкерлер өз бизнесі үшін алаңдайды. Дегенмен мен алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтқым келеді. Бірнеше айдан кейін бұған сіздер де көз жеткізесіздер. Күзге дейін бұл жер адам танымастай өзгереді. Мұнда гүлзарлар, субұрқақ пен келушілер демалатын орындықтар пайда болады, - деген аймақ басшысы Арбат бойындағы үйлердің қасбеті де жөнделуі тиіс екенін айтып, құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді.
Облыс əкімі, сонымен қатар тұрғындар мен жергілікті мекемелер қонақтарына ыңғайлы болуы үшін Арбатқа автокөліктер де кіре алуы керектігін ескертті.
Айта кетейік, болашақ Арбат бойында бүгінде 70-ке жуық түрлі мекеме мен сауда орындары орналасуда.