Тоқаев: Енді өмір сапасын жақсартуға көбірек мән беріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға сапарын Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өткен алқалы жиынмен қорытындылады. Бұл жиынға облысымыздағы іргелі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.
Шырайлы Шығысқа Президент ретінде алғаш рет келіп тұрған Қасым-Жомарт Кемелұлы облыс активімен кездесуде бұл сапарының мән-мағынасы зор екенін айтты.
– Қойнауы қазынаға толы Шығыс Қазақстан еліміздің інжу-маржаны болып саналады. Сондықтан, алғашқы сапарларымның бірін сіздердің облыстарыңыздан бастауды жөн көрдім. Бүгін Семейде, қасиетті Абай елінде болып, ұлыларымыздың рухына тәу еттім. Бұдан соң ат басын Өскеменге бұрып, еліміздегі түсті металлургия саласындағы маңдайалды кәсіпорындардың бірі саналатын «Казцинктің» жұмысымен таныстым. Шығыс Қазақстан Тәуелсіз еліміздің тұғырлы тірегі десем қателеспеспін. Бұған қоса облыстарыңыз бірден екі стратегиялық әріптесіміз Ресей және Қытаймен шектеседі. Сол себепті, сіздердің өңірлеріңізге деген ықыласымыз, көңіліміз қашан да зор болмақ. Әрине, алдымызда ауқымды шаруалар күтіп тұр. Ең алдымен, біз Елбасының сарабдал саясатын жүргізуді жалғастыруымыз қажет. Елімізде Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен әзірленген бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру жалғасатын болады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстандағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 9,3 пайызға өскен. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 2015-2018 жылдар аралығында 19 жоба жүзеге асырылып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Облыста экономика саласында ғана емес, әлеуметтік мәселелерде де көпке үлгі боларлық жұмыстар атқарылуда. Өңірдің түгелдей дерлік медциналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәл сондай мақтауды жаңа лабораториялармен және робот техникасы сыныптарымен жабдықталған мектептерге қатысты да айтуға болады. «Менің мектебім» жобасы арқасында Шығыс Қазақстан республикадағы ІТ-сыныптарымен толықтай қамтылған алғашқы өңір атанды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта археология саласында да ілкімді істер атқарылуда. «Туған жер» жобасы шеңберінде меценаттар қаражатына көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Қысқасы, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Сөзсіз, бұған облыс әкімі Даниал Ахметовтің сіңірген еңбегі зор, – деген мемлекет басшысы алдағы мақсат-міндеттерге де тоқталды.
Президенттің айтуынша, облыста енді халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, өмір сапасын жақсарту сияқты мәселелерге көбірек мән берілу керек. Сондай-ақ туризм, экология және жемқорлықпен күрес мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. «Түптеп келгенде осының бәрі, біздің басты байлығымыз – елдегі тұрақтылықты сақтауға әсер етеді», деген Президент еліміздің болашағы баянды болуы үшін қазақстандықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» еңбектенуі керектігін айтты.