KZ
Өскемен
+8°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Жармада 182 миллион теңгенің ынтымақтастық меморандумына қол қойды

15.03.2019, 06:34 178


Жуырда Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында кәсіпкерлік және өнеркәсіп форумы болып өтті. Басқосу барысында аудан кәсіпкерлері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жалпы құны 182 миллион теңгені құрайтын ынтымақтастық меморандумына қол қойды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Форум жұмысына аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Нұрғалиев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Серік Әйкешов, аудандық маслихат хатшысы Айгүл Сахмеджанова, аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Дастан Мұқаев, ауыл әкімдері, кәсіпорын басшылары және іс адамдары қатысты.


– Ауданға инвестиция құюшылардың дені – кен орындары. Игерілмей жатқан «Бақыршық» кен орнына Ресейдің «Полиметалл» комбинаты үлкен инвестиция салып, ол іске қосылды. «Бөке», «Ақжал» кеніштеріне де инвестиция салынып, кен байыту комбинаты бой көтерді. Қазір Жарма ауданының төрт жағынан жол құрылысы басталып жатыр. Тағы бір жағымды жаңалық, Жаңғызтөбе кентіндегі күн электр стансасы осы жазда іске қосылуы тиіс. Бүгінгі форумға келсек, мұндай форум жыл сайын өткізіледі. Кәсіпкерлерді аталымдар бойынша марапаттаймыз. Биыл меморандум аясында ауданға бөлінетін қаржы былтырғымен салыстырғанда бір жарым еседен артық ұлғайды, – деген Нұрлыбек Нұрғалиев кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының былтырғы қорытындысы және осы жылға жоспарлары туралы баяндады.


Форум барысында көпшілікке аудандағы кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің даму көрсеткіштері баяндалған бейнекөрсетілім ұсынылды. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпорындар өнімдерінің көрмесі де ұйымдастырылды.


Келелі жиынның басты салтанатты шарасы ауданның өнеркәсібіне үлкен үлес қосқан кәсіпорындарға статуэткалар мен алғыс хаттар табыстау рәсімі болды. Олар – «Бақыршық тау-кен игеру кәсіпорны», «ГМК Васильевское», «Казинтерэтнос», «Георгиевка сорғы құрал-жабдықтары зауыты» және «Жарма Құрылыс Газ» серіктестіктері.


Аудандағы үздік кәсіпкерлерді анықтау мақсатында осы жылдың ақпанында байқау жарияланған-ды. Конкурстық комиссия шешіміне сәйкес, тоғыз аталым бойынша жеңімпаздар анықталыпты. Форумда сол байқау қортындысы жарияланып, аудан әкімдігі атынан әр номинация иесіне 150 мың теңгенің сертификаттары табысталды.


Сонымен, конкурс қорытындысы бойынша Қапанбұлақ ауылындағы «Сәлима» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрбану Жігітекова «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер», белтеректік Гүлнар Қанапиянова «Өндіріс саласындағы үздік кәсіпкер», Қалбатаудағы «Ағжан» құрылыс дүкенінің иесі Ақжарқын Ахметжанова «Құрылыс саласындағы үздік кәсіпкер», аудан орталығындағы «Ай» кешенінің жетекшісі Ләзира Сәдуақасова «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер», Шар қаласынан келген Меруерт Қоспанова «Қоғамдық тамақтандыру саласындағы үздік кәсіпкер», Жарық ауылының тұрғыны Еркеш Мұқаева «Үздік әйел кәсіпкер», Қалбатаудағы «Аппетит» дәмханасының қожайыны Ерсін Сәулембеков «Үздік жас кәсіпкер», Қалбатау ауылында орналасқан «Рахат» кешенінің иесі Мирбану Төленғұтова «Туризм саласындағы үздік кәсіпкер» атанды. Ал «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясына қалбатаулық түшпара түю цехының басшысы Юрий Битюков лайық деп танылды.


Осы күні отыздан астам жергілікті бизнесмен «Жарма ауданындағы кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» кеуде белгісімен марапатталды. олардың ішінде «Жарма Тас Жолы» ЖШС директоры Қуаныш Атабаев, «Шалабай» ЖШС директоры Қуаныш Сүлейменов, жеке кәсіпкерлер Қасымбекова Сәлима, Сасенова Айгүл, Сәдуақасова Нұрғиза, Асылбек Зидахан және басқалар бар.


Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Жарма өңірінде жыл сайын кәсіпорындар мен аудан әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі өтіп тұрады. Осы құжат бойынша бизнес нысандары тарапынан бөлінген қаржы ауылдарды абаттандыруға, әлеуметтік мекемелерді жөндеуге және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік тұрғыда қолдауға бағытталуда.


Форум барысында аудан әкімдігі мен кәсіпорындар арасында осындай алты меморандумға қол қойылды. Атап айтсақ, «Шалабай» ЖШС-мен 26 миллион теңге, «АС Горняк» ЖШС-мен 2 миллион 300 мың теңге, «Жарма Құрылыс Газ» ЖШС-мен 3 миллион теңге, «Қамқор Локомотив» ЖШС-мен 1 миллион 440 мың теңге, «Жарма Тас Жолы» ЖШС-мен 4 миллион теңге, «Жаңғызтөбе Мұнай өнімдері» ЖШС-мен 1 миллион 500 мың теңге көлеміндегі келісім құжаттар жасалды. Жыл басында Бақыршық тау-кен игеру кәсіпорнымен 144 миллион теңгеден астам қаржыға меморандум рәсімделген болатын. Түйіндер болсақ, аудандағы 7 ірі кәсіпорын жалпы сомасы 182 миллион теңгеден асатын қомақты қаражатты әлеуметтік жауапкершілік шеңберіндегі іс-шараларға бағыттап отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив