KZ
Өскемен
снег жел 8 м/с, Ю
525.11 546.74 4.88

Сауда министрі Шемонаиха ауданына барды

17.02.2023, 18:07 415 Оразай Жеңісұлы

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Сауда министрі Шемонаиха ауданына ат басын бұрып, «Рулиха» ЖШС сүт-тауарлы фермасының жұмысымен танысты,  деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Бұл фермаға 2020 жылдан бері голштейн-фриз тұқымы саналатын 600 ірі қара әкелінген. Қазір тәулігіне он екі тонна сүт өндіріледі. Мың басқа арналған сиыр сауу цехы тұтас заманауи құрылғымен жабдықталыпты.

– Израильдік «Afimilk» фирмасының жабыдықтары сүт өндірісінің көлемін арттырды. Бір сиыр күніне 30-50 литр сүт береді.  Алайда бұл ірі қара тұқымы өрісте жайылмайды. Күтіміне біршама күш жұмсау қажет. Сондықтан Украинадан тәжірибелі екі маман алдырдық, – дейді «Рулиха» ЖШС директоры Серік Сағындықов.

Шетелдік мамандар келгелі өндіріс көлемі ұлғайған, әрі олар өз білгенін жергілікті жұмысшыларға үйрететін көрінеді.

– Әріптестер арасында курс өткіземін. Фермада біртіндеп кәсби ұжым қалыптасып келеді. Ең бастысы Шығыста сүтке сұраныс мол, кәсіпорындар арасында бәсекелестік те жоғары. Бұл баға мен сапаның тұрақты болуына ықпал еді, – дейді Василий Кузьмин есімді азамат.

Өндірісі өрге жүзген кәсіпорынға мемлекет тарапынан да мықты қолдау көрсетілгенін айта кетуіміз керек. Әуелде бұл іске 2,7 миллиард теңге жұмсалса, оның 410 миллион теңгесі – жеке кәсіпкердің қаражаты. Қалған соманы аграрлық несие корпорациясы жеңілдікті несие ретінде берген.

«Пайыздық мөлшерлеме 16 пайыз десек, оның он пайызын мемлекет субсидиялайды, қалған алты пайызды өзіміз төлейміз, - дейді Серік Сағандықов.

«Рулиха» ЖШС-ның басшылығы өндіріс көлемі ұлғая берсе, өңір жұртшылығы тұтынуға қауқарсыз болып қала ма деген қауіп бар екенін жасырмады. Алайда министр Үкіметтің ел аумағында интеграция саясатын жетілдіруге мүдделі екенін айтты.  

– Ең алдымен отандық өніммен өз елімізді тұтас қамтуға тиіспіз. Кәсіпкерлге сол үшін де көп қолдау көрсетеміз. Министрліктің соңғы кездегі қабылдаған шаралары түгел ішкі нарықты нығайтуға бағытталған, – деді Серік Жұманғарин.

Сауда министрі Шемонаиха қаласында жұртшылықпен және бизнес қауымдастығымен кездесу өткізді. Өткір мәселе көтергендерді жеке қабылдап, бірқатар жұмысты жолға қойды.

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу