KZ
Өскемен
снег жел 7 м/с, Ю
525.11 546.74 4.88

Бозанбайда қайта жаңғырған білім ошағы ашылды (видео)

30.12.2024, 18:00 962 Төлеуғазы Жансая

 

Бүгін Бозанбай ауылындағы орта мектеп заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, күрделі жөндеуден соң салтанатты түрде ашылды,  деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Бұл тірек мектеп – «Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушысы. 

Жобаның мақсаты - ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы теңсіздікті жоюға жәрдемдесу. 

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов, «Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының» өкілі Сырым Қайсарбеков қатысып, мектеп ұжымын жаңартылған білім ошағының ашылуымен құттықтады. 

- Облыс мектептерін жаңғырту білім саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Шығыс өңірі білім сапасы жағынан елімізде алдыңғы қатарда екендігі мәлім. Осы үрдісті сақтап, ары қарай жалғастыруымыз керек. Бұл ретте осындай тірек мектептердің маңызы зор. Қазір облысымызда тірек мектептердің саны сегізге жетті. Алдағы жылы  тағы төрт тірек мектебін іске қоссақ деген жоспарымыз бар. Президентіміздің бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан өңірдегі жеті білім шаңырағының бесеуі пайдалануға берілді. Алдағы жылы екі «Жайлы мектеп» іске қосылады. Бозанбай тірек мектебінің жабдықталуына «Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингінің жанашыр азаматтары жағдай жасады. Балалардың болашақта ел үшін қызмет жасайтын, білімді, парасатты азамат болып қалыптасуына барлық мүмкіндік жасалған, - деп атап өтті Ербол Нұрғалиев.

Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жоба менеджері Сырым Қайсарбековтың айтуынша, Бозанбай орта мектебінде 33 кабинет жаңғыртылды. Мектепте бастауыш, орта және жоғары сыныптар үшін арнайы жабдықталған физика, химия, биология, информатика кабинеттері, қыздар мен ұлдарға арналған технология кабинеттері, сонымен қатар робототехника, ART-студия, STEM-зертхана және телестудия кабинеттері ашылды. 

Жоба аясында мектептің материалдық базасы «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген 250 млн теңге қаражатқа жаңартылса, жергілікті бюджеттен 271 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

Материалдық-техникалық жабдықтаудан бөлек, мектептің педагогикалық ұжымына оқыту бағдарламалары мен әдістемелік қолдау көрсетіледі. Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесе отырып, тірек мектептеріндегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жасалады. Бұл әдістемелік қолдау алдағы үш жыл бойы жалғасады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Өскемен қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалының директоры Жұпат Ерниязова Бозанбай орта мектебінің озық технологиялармен жабдықталуы Назарбаев Зияткерлік мектебінен де артық екендігін айтты.

Бозанбай орта мектебінің директоры Ардақ Бухатова қонақтарды мектеп ұжымының жұмысымен, жаңартылған кабинеттермен таныстырды. Оның айтуынша, алпыс жылдық тарихы бар білім ордасында қазір 281 оқушы білім алып, 45 мұғалім қызмет атқарады.                     

Заманауи жабдықтар оқушылардың ғылым, техника, өнер және шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттырады. Балалардың зерттеу және жобалау дағдылары дамиды, түрлі облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысуға мүмкіндік алады,-дейді мектеп директоры Ардақ Бухатова.

Мектептегі интернет жылдамдығын арттыру және факультативті сабақтарға қосымша штат қарастыру мәселелеріне қатысты облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев аудандық білім бөлімінің басшысына тапсырма берді. Аталған  мәселелер жаңа жылдан бастап шешілмек.

Игілікті іс-шараның соңында Ұлан ауданының Құрметті азаматы, еңбек және спорт ардагері Жұмабек Қайырбердіұлы және осы мектептің ардагер ұстазы Қанафия Нұрахметқызы өңір мектептерін кезең-кезеңімен жаңғыртуды қолға алған облыс басшылығы мен жоғарыда аталған қор өкілдеріне алғыстарын жаудырды.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның 56 ауыл мектебі тірек мектептер желісіне қосылды. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы 2022 жылы басталған. Оның мақсаты — ауыл және қала мектептері арасындағы білім теңсіздігін жою. «Қазақстан халқына» қоры мен AITAS холдингі демеушілік ететін жобаның операторы — Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры. Ал жобаның академиялық бөліміне жауапты бас серіктес — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы.

Айжанат Бақытқызы

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу