KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 4 м/с, СБ
445.66 474.58 4.78

ШҚО-да ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарады

11.04.2023, 16:06 5 417 Ләззат Қанатқызы

Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру үшін Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған, – делінген Премьер-Министрдің сайтында.

Үкімет басшысының айтуынша, "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

– Ауылдарда жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кеңжолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады, – деп түсіндірді Әлихан Смаилов.

Ауылды жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттері салынып, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Ал ШҚО-да ауылды жерлерді дамыту бойынша жұмыстар бірнеше жылдан бері жүргізілуде.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, қазір ауылдардағы басты мәселе – интернетпен қамтамасыз ету.

– Мен облыстың барлық дерлік аудандарына бардым, бәрінде басты мәселе – интернет. Операторлар ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету бойынша берген міндеттемелерін орындауы үшін Үкіметпен жұмыс істейтін боламыз. 2021 жылы операторлар жалпы 68 ауыл бойынша алған міндеттемелерінің ішінен тек 27-сінде ғана интернет сапасы жақсарды, – деді Даниал Ахметов.

Өңірде аудандарда ауыл шаруашылығы да белсенді дамуда. Мәселен, өткен жылдары ШҚО-да халықтан ақшалай баламада сүт сатып алу бірнеше есеге артты. Сондай-ақ биыл "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясында аудандарда 300-ден астам үй салу жоспарлануда. Зайсан ауданында – 25, Күршім ауданында – 14, Глубокое ауданында – 7, Ұлан ауданында – 11, Тарбағатай ауданында – 9, Шемонаиха ауданында – 2 және Самар ауданында 3 үй салынады.

Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘдІлетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында ауылды дамытуға баса назар аударып, ауылда өмір сүру, жұмыс істеу қаладан еш кем болмайтындай етіп ауыл шаруашылығын қайта жандандыратынын айтқан болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив