Президент Абай облысына келді
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты. Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт сөндіру жұмысының барысы және табиғат апаты салдарымен күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Қазіргі уақытта 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылатынын айтты.
"Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді, бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады", - деді Тоқаев.