Талица ауылына қарай тараған өрт ауыздықталды – ТЖМ
Фото: stan.kz
Қазіргі уақытта Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Минералдандырылған жолақтар жасау жұмыстары қолжетімділігі қиын болуына байланысты тоқтатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет су төгілді, жалпы көлемі 2 мыңнан астам.
Қазіргі уақытқа дейін жедел желіге 104 қоңырау түскен. ТЖМ және ТЖД жедел желі телефондары: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31.