ШҚО-да Қазақстан мен Пәкістан бірлескен оқу-жаттығу өткізді
Фото: Өскемен гарнизоны баспасөз қызметі
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы қарулы күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығуы барысында Қазақстан тарапынан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері жұмылдырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Пәкістан Ислам Республикасынан келген әскерилер алдымен тактикалық арнайы оқу-жаттығуы өтетін 27943 әскери бөлімінің полигонымен танысты. Кейін өздеріне бекітілген қару-жарақты, техникаларды сайлап, негізгі бөлімге дайындық жүргізді.
Оқу-жаттығу бірнеше кезеңнен құралған. Атап айтқанда, жеке дара дайындық, топтардың үйлесуі және бірлескен оқу-жаттығудың өткізілуі. Оқу-жаттығуға екі елдің 40-тан астам әскери қызметшісі, 20 бірлік әскери және арнайы техника тартылды.
Әскери бөлімнің полигонында өткен оқу-жаттығу барысында әскери контингенттер үйлесімділік пен өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтады, бірлескен арнайы операцияны жүргізді. Содан кейін тікелей барлау-жауынгерлік іс-қимылдарға кірісті.
Бұл оқу-жаттығулар бірлесе тәжірибе алмасуға, білім мен дағдыны шыңдауға, ең бастысы, пәкістан-қазақ әскери қызметшілерінің өзара ынтымағы мен достығын нығайтуға бағытталған.
Тактикалық арнайы оқу-жаттығу жоғарғы деңгейде өтті.