ШҚО-да «Солдаттың карточкасы» акциясы басталды
Фото: Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі
Өскемен гарнизонында 4 қыркүйек пен 4 қазан аралығында әскер қатарындағы сарбаздардың қарыздары мен берешектерін анықтау мақсатында «Солдаттың карточкасы» акциясы өтеді.
2023 жылға арналған ҚР Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінде «Өмірді сақта» ведомствоаралық бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар жоспары аясында Өскемен гарнизонында «Солдаттың карточкасы» акциясы өтеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Құқық бұзушылық әрекеттерін алдын алу мақсатында әскери бөлімдер басшылығын ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, екінші деңгейдегі банктерде және шағын қаржы ұйымдарында несиесі бар жоқтығы, заңды тұлғалар алдындағы өзге де берешегін анықтапу жұмыстары жүзеге асырылады. Қаржылық өтемдері бар сарбаздар анықталған жағдайда берешектің жалпы сомасын мен оның ай сайынғы өтеу сомасын көрсете отырып сарбаздарға барынша көмек көрсетіледі.
«Өмірді сақта» ведомствоаралық бағдарламасы сарбаздардың психологиялық, физиологиялық тұрғыдағы жай-күйін реттеп, олардың әскерге бейімделуін жеңілдетуге бағытталған. Жоғарыда атап өткендей, заңды және жеке тұлғалардың алдындағы берешегі болған немесе түрлі бопсалау тәсілдерінің құрбаны болған сарбаздар, қарыздарын ойлап, уайымдап, депрессияға салынып кетуі мүмкін. Ал «Солдат карточкасы» акциясы аясында мұндай жағдайлардың барлығы анықталып, мәселелердің шешілу жолдары қарастырылады.