Өскеменде жас ұстаздар форумы өтіп жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 ұлттық жобасының бірі – «Білімді ұлт» сапалы білім беру». Осы бағыт бойынша бүгін облыс орталығында «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты форум ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты қала-кенттермен қатар ауыл-ауылдағы жас педагогтерге қолдау көрсету, деп хабарлайды Altaynews.kz сайтының тілшісі.
Білім форумына өңірдегі тоғыз аудан мен екі қаладан келген – жалпы саны 150 жуық жас маман қатысып жатыр. Естеріңізде болса, тамыз айында «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» ІІ республикалық форумы өткен болатын. Міне, сол алқалы жиынға қатысқан көшбасшылар бүгін жас мамандармен бірлесіп сабақ берудің заманауи үлгісін құрастырады. Бұл – форумның бірінші кезеңі. Екінші кезеңде тәжірибелі маман мен жас ұстаз тандемі он алаңда жоба қорғап, жаңа өнім ұсынуы тиіс.
Спикердің айтуынша, әрбір ауданға орталықтан бір-бір тренер бекітілген. Білікті мамандар аудандардағы жас педагогтермен оқу жылының соңына дейін жұмыс істейді.
Ал форумға қатысушылар бүгін эмоцияға байып қайтамыз дейді. Ең алдымен осыған қуанады олар. Өйткені жас мұғалімдер көбінесе педагогикалық тұрғыда қолдау жетіспегендіктен ұстаздық жолды тастап кететін көрінеді.
Форумның ашылу рәсімінде сөз алған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жас ұстаздардың ісіне ілтипат білдіріп, келер ұрпақтың жетекшілеріне кәміл сеніммен қарайтынын жеткізді.