Солнечный кентіндегі қарттар үйі көлікке зәру
Өскемен қаласының іргесіндегі Солнечный кентінде орналасқан қарттар үйінің қазіргі атауы - Қарт және мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы.
Бұл орталық бүгінгі таңда көлікке зәру боп отыр екен, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жалпы мұндағы 120 тұрғынға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалған. Орталық тұрғындары еңбек терапиясына белсене қатысып, өз бейімдеріне қарай бірі музыкамен, сурет салумен айналысса, енді бірі тоқыма, қолөнермен шұғылданады. Бұдан бөлек Олег Некрасов жетекшілік ететін ағашқа сурет салу, Х.Авраменко, Т.Кусанова, Т.Смолина басқаратын тігін, тері бұйымдарын жөндеу шеберханалары жұмыс істейді.
Орталық басшысы Ерболат Ошақбаевтың сөзінше, мемлекеттің қолдауынан бөлек, демеушілер де қайырымдылық көмек көрсетеді.
Дегенмен, орталықта оң шешімін таппай келе жатқан мәселе де жоқ емес. Соның бірі – көлік мәселесі. Мекеме иелігінде екі «УАЗ» және «Рено дастер» жеңіл автокөлігі бар, олар пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты есептен шығаруға жатады. Ақаулар туралы есептерге сәйкес, аталған көліктердің көптеген бөлшегі 100% тозған және оларды ауыстыру немесе жөндеу мүмкін емес. 2020-2021 жылдары осы мақсатқа қаражат бөлуге бірнеше рет бюджеттік өтінім жіберілген. Алайда ол облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы тарапынан қолдау таппаған. Орталық басшылығы аталған мәселенің оң шешімін күтіп жүргендігін айтты.
Автор: Айжанат Бақытқызы