Кедергісіз орта қалыптастыруға барлық мүмкіндік жасалған
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру, инклюзивті қоғамды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Өңірімізде мүгедектігі бар 28,6 мың адам тұрып жатса, оның 3,3 мыңы – бала. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, денсаулығында кінәраты бар мұндай жандарды мемлекет протездік-ортопедиялық көмек, техникалық және арнайы жүріп-тұру құралдары, шипажай-курорттық емдеу, ымдау тілі маманы және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерінің сегіз түрімен қамтамасыз етуге 2 млрд теңге көзделген. Қазірге дейін 12 мыңға жуық өтініштің 10 мыңнан астамы орындалған.
Қорлар да қолдау көрсетеді
Елімізде мемлекеттік қолдау шараларынан бөлек, қоғамның негізгі салаларындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған «Қазақстан халқына» қоры жұмыс істейді. Аталған қордың жобалары – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды роботты құралдармен, мүгедектігі бар балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету, аутизм және басқа да менталды бұзылуы бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру, сонымен қатар спортшыларды пара жеңіл атлетикаға дайындау үшін спорттық және жүгіру протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету. Қайырымдылық көмекке мұқтаж азаматтар qazaqstanhalqyna.kz сайты арқылы өтінім бере алады.
Өскеменде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Қамқорлық» бастамасы аясында «Үлбі» аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында аутизм және менталды ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі күтім орталығы ашылғалы бір жылға жуықтады. Орталықта 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға психолог, дефектолог, логопед, АВА-терапевт мамандарының көмегімен түзету-дамыту сабақтары өтеді. Онда мамандардың негізгі сабақтарымен қатар жеке және топтық сабақтарға арналған бөлмелер мен қыш, тігін, ағаш шеберханалары бар.
Басқарма басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, «Қамқорлық», «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен бұл орталық жиһазбен, құрал-жабдықтармен, оргтехника және тұрмыстық техникамен жабдықталып, материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Сонымен қатар сенсорлық интеграция, арт-терапия, әлеуметтік-тұрмыстық бағдар беру, роботты техника кабинеттері жұмыс істейді. Мамандар сапалы және жан-жақты медициналық-әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін біліктіліктерін арттырды.
Айта кетсек, жаңа Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін заңнамалық деңгейде күшейту қарастырылған. Қазір облыста 612 әлеуметтік қызметкер бар.
Ерекше балаларды қатарға қосып жатыр
Ольга Батуева басшылық ететін Балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ашылғанына отыз жылға жуықтап қалды. Мұнда тірек-қимыл аппараттары бұзылған және психоневрологиялық кемістігі бар 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетіледі.
Орталық басшысының айтуынша, мұнда 1,5-18 жас аралығындағы 143 бала кешенді оңалтудан өтеді. Балалар мекемеге жартылай стационар жағдайында (10 сағат) жыл бойы барады. Әлеуметтік қызметтер олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып күнделікті тұрмыстық әрекеттерін қолдауға бағытталған. Орталық аумағында 12 ойын алаңы бар. Барлық баланы орталыққа апарып-әкелу үшін облыстық бюджеттің қаражаты есебінен тасымалдау қызметі көрсетіледі. Әлеуметтік мекемеде логопед, психолог кабинеті, бассейн, сенсорлық бөлме, мультимедиялық және медициналық, физиотерапия кабинеттері жұмыс істейді.
Топтар мен сыныптар арнайы реттелетін жиһаздармен және ортопедиялық жабдықтармен, заманауи интерактивті панельдермен қамтамасыз етілген, тренажер, гидромассаж ваннасы да бар. Осында 4-сыныпқа дейінгі балалар білім алады. Қимыл-қозғалысы бұзылған, бірақ зиятында ауытқуы жоқ жеткіншектер 4-сыныптан кейін №19 қосымша білім беру мектеп-орталығындағы түзету сыныптарында оқуын жалғастырады.
Кейінгі он жылда әлеуметтік қызмет көрсету орталығының білікті мамандарының көмегімен 80 баланың бойында өзін-өзі күту дағдылары қалыптасқан, 22 бала отыруды, 44 бала өздігінен жүруді, 13 бала аяғын басып сүйемелдеумен жүруді үйренсе, жеті бала мүмкіндігі шектеулілер санаттан шығарылды. Сол сияқты 12 бала қатарластарынан қалмай, балабақшаға барса, 30 бала жалпы білім беретін мектептерге, жеті бала «Ақниет» мектеп-интернатына оқуға ауысты. Орталықтың 18 түлегі колледждерге оқуға түсті. Мұның бәрі орталық мамандарының қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Қарттар үйі көлікке зәру
Облыстағы қарт және мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтардың бірі Солнечный кентінде орналасқан. Мұндағы 120 тұрғынға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып отыр.
Орталық тұрғындары еңбек терапиясына белсене қатысып, өз бейімдеріне қарай бірі музыкамен, сурет салумен айналысса, енді бірі тоқыма, қолөнермен шұғылданады. Бұдан бөлек Олег Некрасов жетекшілік ететін ағашқа сурет салу, Х.Авраменко, Т.Кусанова, Т.Смолина басқаратын тігін, тері бұйымдарын жөндеу шеберханалары жұмыс істейді.
Орталық басшысы Ерболат Ошақбаевтың сөзінше, мемлекеттің қолдауынан бөлек, қайырымдылық көмек көрсеткен демеушілердің арқасында қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Казцинк» ЖШС 1 млн теңгеге емдік денешынықтыру кабинетін жөндеуден өткізсе, 3 млн теңгеге денешынықтыру-сауықтыру құралдарын сатып алып, 860 мың теңгеге орталықтың екі бөлмесінің еденін жаңалап берген. Енді аталған компания суреттерді ілетін көрме залын жөндеп, массаж креслолары мен демалыс бұрышына арналған жұмсақ жиһаз сатып алуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр.
Сонымен қатар «НКГ» фирмасының директоры, меценат Сергей Коротин, «Халифа Алтай» мешіті, «Центр кредит банкінің» облыстық филиалы, «Мархабат» қоғамдық қоры, жеке кәсіпкер «Иргалиев» және тағы бірқатар демеушінің арқасында еңбек терапиясы бөлмесіне жөндеу жүргізіліп, кабинет толықтай жабдықталған және аулада жазғы демалыс орны жасалған.
Орталықта оң шешімін таппай келе жатқан мәселе де жоқ емес. Соның бірі – көлік. Орталық басшысының айтуынша, мекеме иелігінде екі «УАЗ» және «Рено дастер» жеңіл автокөлігі бар, олар пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты есептен шығаруға жатады. Ақаулар туралы есептерге сәйкес, аталған көліктердің көптеген бөлшегі 100% тозған және оларды ауыстыру немесе жөндеу мүмкін емес. 2020-2021 жылдары осы мақсатқа қаражат бөлуге бірнеше рет бюджеттік өтінім жіберілген. Алайда ол облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы тарапынан қолдау таппаған. Қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталық басшылығы аталған мәселенің оң шешімін күтіп жүргендігін айтты.
Автор: Айжанат Бақытқызы