Өңірге көшіп келген 67 отбасына экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді
фото: gov.kz
Биыл біздің облысқа өзге өңірлерден қоныс аударған 67 отбасы экономикалық ұтқырлық сертификатын алып, баспаналы болды деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Биылдан бастап елімізде ішкі қоныс аударушылар үшін тұрғын үй сатып алу үшін материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» енгізілді. Бүгінге дейін сертификаттар біздің облысқа өзге өңірлерден қоныс аударған 67 отбасына берілді. Олар өздеріне мемлекеттен берілген 4 млн теңгенің үстіне өз қаражатын қоса отырып, көшіп барған жерлерінен баспана сатып алған.
Сертификат бір рет қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін беріледі. Биыл біздің облысқа жұмыс күші артылып отырған оңтүстік өңірлерден 305 адам көшіп келген. Олардың көбі Түркістан мен Алматы облыстарынан келді.
Тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін сертификат алдын ала шарт немесе тұрғын үйді сатып алу-сату шарты болған кезде беріледі. Тұрғын үй салу кезінде сертификат жер және басқа да заңнамаларға сәйкес жеке тұрғын үйлер салу үшін меншігінде жер учаскелерінің болуын ескере отырып беріледі.
Сертификатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде пайдалану үшін екінші деңгейдегі банктен тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы хат ұсыну қажет.
Жанаргүл Мұқатай