Қандастар мәселесі қаперден тыс қалмады
Қазақ елі тәуелсіздік алған кезеңде тұс-тұстан отандастар көші ағылды. Ел іргесі кеңейген сайын елдіктің тұрғыры беки түсті. Ал атамекенді аңсап жеткен жұрт бостандық бастауына бас қойып, шөл басты. Жалпы, көші-қон саясаты – мемлекетіміз ұстанған маңызды бағыттың бірі. Соған сәйкес талай іс атқарылды. Соңғы уақытта көші-қонға қатысты тағы да тың жаңалықтар естілуде. Соның мән-жайын «Отандастар қоры» КеАҚ-ның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының сарапшысы, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Қуанбайұлынан сұрап білудің сәті түсті.
– Әскерхан Қуанбайұлы, әуелі «Отандастар қорының» өңірлік филиалының қызметі туралы айта кетсеңіз?
– Көші-қон – қашан да маңызды сала. «Отандастар қоры» шет елдегі қазақтармен байланысты нығайтып отыр. Бүгінде тығыз мәдени-рухани байланыстамыз деп айта аламын. Сонымен қатар елге қоныс аударған қандастарға заңдық-құқықтық көмек көрсетіп отырған қоғамдық ұйым бұл. Ал өңірлік филиал 2019 жылы ашылды. Ай сайын филиалға кемінде отыз қандас келіп, мәселесін айтады. Оларға қандас мәртебесін алу, ҚР азаматтығына тапсыру, құжат аудармасын жасау және квотаға өтініш тапсыру мәселелері бойынша көмек көрсетіледі. Көші-қон саласына қатысты органдармен байланыстамыз. Мәселен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтк бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен және көші-қон қызметімен тығыз жұмыс істейміз. Қандастардың жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына, жасы үлкен кісілердің зейнетақы алуына, жастардың оқуға түсуіне де қолғабыс етіп келеміз.
– Көші-қонға қатысты тың өзгерістер бар көрінеді. Сол туралы кеңірек айтыңызшы?
– Өңіраралық қоныс аудару шеңберінде жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ отбасы жағдайына қарамастан жалғызбасты адамдарға материалдық көмек беріледі.
Материалдық көмек:
1) тұрғын үй салуға, сатып алуға немесе тұрғын үйді сатып алуға алғашқы жарна ретінде пайдалану үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты.
Экономикалық ұтқырлық сертификаты – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу, тұрғын үйді сатып алу және салу үшін ақшалай төлем ретіндегі материалдық көмек (қандастарға экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үйді сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға тұрғын үй құнының 50%-н, алайда 4 млн теңгеден аспайтын сомада ұсынылады).
2) көшу шығыстарын өтеу.
Көшу шығыстарын өтеу бағдарлама қатысушыларына және олардың отбасы мүшелеріне сондай-ақ отбасылық жағдайына қарамастан жалғызбастыларға бір рет 70 АЕК (241 500тг) мөлшерінде көшуге материалдық көмек отағасына және әрбір отбасы мүшесіне беріледі.
3) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтер шығыстарын өтеу.
Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуді (бағдарлама қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге мынадай мөлшерлерде материалдық көмек беріледі:
1) қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
- бір адам үшін 20 АЕК (69 000 тг) мөлшерінде;
- отбасы мүшесінің саны 2-4 дейін болса, 25 АЕК (86 250 тг) мөлшерінде;
- отбасы мүшесінің саны 5 және одан көп болса, 30 АЕК (103 500 тг) мөлшерінде төленеді;
2) ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
- бір адам үшін 15 АЕК (51 750 тг) мөлшерінде;
- отбасы мүшесінің саны 2-4 дейін болса, 18 АЕК (62 100 тг) мөлшерінде;
- отбасы мүшесінің саны 5 және одан көп болса, 21 АЕК (72 450 тг) мөлшерінде;
– Биыл Шығыс өңіріне қай мемлекеттен қанша қандас көшіп келді?
– Жалпы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысына 239 қандас келеді деп отырмыз. Қазіргі уақытта өңірге 68 адам қоныс аударып, қандас мәртебесін алды. Қытайдан – 23 адам, Моңғолиядан – 40 адам, Ресейден – 5 адам.
– Жаңа қоныстанған қандастарға да мемлекеттік қызмет, көмек көрсетілген болар?
– Жалпы, өңірімізге ағымдағы жылы көшірілген адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде жұмысқа орналастыру, балабақша және мектептердегі бос орындармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларымен қамту бөлігіндегі міндеттемелер жергілікті атқарушы органдар тарапынан толық орындалды деп айта аламын.
– Қандастар көбіне қай аудандарға орналасып жатыр?
– Жыл басынан бері көшіп келген қандастардың 44 пайызы Өскемен қаласына, 32 пайызы Ұлан ауданына, 24 пайызы өзге аудандарға қоныстанды.
– Шығыс Қазақстанда қандастар үшін қандай да бір түйткілді мәселе бар?
– Облысқа көшіп келіп жатқан қандастарды ортаға бейімдейтін орталық керек. Яғни қандастардың құжаттары тек бір жерде аудармасы жасалып, заңдық көмек көрсетіліп, кеңестер беріліп, бәрі жүйеге көшу керек. Сол себепті облыста қандастарды бейімдеу орталығы өте қажет. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын.
Әңгімеңізге рақмет!