Қаңғыбас иттерден 80-нен астам бала зардап шеккен
Фото: onlinegibdd
Биылғы алты айда қаңғыбас иттерден 80-нен астам бала зардап шегіп, олардың үшеуі қайтыс болды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл республика бойынша 81 жағдай тіркелді. Кәмелетке толмаған үш бала қайтыс болды. Өлім жағдайлары Ақтөбе, Түркістан облыстарында және Астанада болған.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бұл оқиғалар шұғыл араласуды және нақты әрекеттерді қажет ететінін атап өтті.
Комитет билікті қаңғыбас иттерді бақылауды күшейтуге шақырады, сонымен қатар келесі шараларды қабылдауға кеңес береді:
- Дрон сияқты заманауи инновациялық технологияларды қолдана отырып, аудандар мен қалалардағы қаңғыбас иттердің жиналу орындарын тұрақты бақылау;
- Өңірлік әкімдіктер мен мәслихаттар отырыстарының күн тәртібіне ветеринарлық қызметтерді қаржыландыру мәселесін енгізу;
- Осындай оқиғалар мен фактілер бойынша мемлекеттік органдардың сенім телефондары мен «жедел желілері» арқылы азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдауды ұйымдастыру.
Бүгінде қайғылы жағдайлар туралы хабарламалар толастаған жоқ. Сондықтан Насымжан Оспанова балаларды қорғау және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету үшін тиісті органдарды жұмыла әрекет етуге шақырады.
Айжанат Бақытқызы