KZ
Өскемен
-25°
плотный туман Штиль
523.72 544.09 5.2

Қандай мобильді аударымдар тексеріледі?

10.01.2024, 15:33 183

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде 2024 жылы мобильді аударым ережелері туралы айтылды, деп хабарлайды Altaynews.kz. тілшісі.

«Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, олар бақылау-кассалық аппаратын POS-терминалды немесе QR-кодты қолданбай жүргізеді. Яғни, чек берілмейді және тұтынушылардың құқығы қорғалмайды»,-деп атап өтті ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер саны қарқынды өсуде. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша республикада жасалған барлық мәмілелер мен сатып алулардың 86%-ы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жасалған.

«Мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейтінін атап өткен жөн. Тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп адамнан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана жатады. Яғни, кәсіпкерлік қызмет белгілері болған жағдайда», - деп нақтылады Гүлмира Сабралимова.

Бұл ретте қазақстандықтарды өз туыстарының, балаларының, достарының немесе таныстарының шоттарына аударымдар жасай отырып, мобильді аударымдардың мүмкіндіктерін жеке мақсатта пайдалануда ешкім шектемейді.

Айта кетейік, 2024 жылдың басынан бастап республикада, оның ішінде ШҚО аумағында кәсіпкерлердің банктік карталар немесе QR-код арқылы төлем қабылдаудан жаппай бас тартып, клиенттерден ақшалай қолма-қол есеп айырысуды талап ететіндігі байқалады. Көбінесе мұндай талапты такси жүргізушілері, шағын дүкендердің иелері мен шағын бизнестің басқа салаларының өкілдері қояды.

«ҚР «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының 25-бабына сәйкес төлемнің түрлі тәсілдері-банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен төлеу көзделген. Қолма - қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып саналады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады», - деп нақтылады ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі.

Кәсіпкерлердің төлем карточкасы арқылы төлем қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. ӘҚБтК-нің 194-бабына сәйкес, бірінші рет бұзушыға ескерту жазылады, қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Такси жүргізушілеріне келетін болсақ, Гүлмира Сабралимова оларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге кеңес берді. Мұны e- Salyq Business, Egov Mobile мобильді қосымшалары және кейбір екінші деңгейлі банктер арқылы жасауға болады.

«Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін көрсетілген қызметтерге төлем түсетін кәсіпкерлік банктік шотты онлайн режимде ашуға болады. Ол үшін сізге тек смартфон қажет. Бақылау-кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ», - деп түсіндірді Гүлмира Сабралимова.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу