«Қарызсыз қоғам» – жүздеген мың адамның өміріне нақты өзгеріс әкелген жоба
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Қазақстанда 422 мың несие бойынша төлем кестелері қайта қаралып, 258 мың азаматтың банк шоттарына қойылған тыйымдар алынды. Депутаттар бұл бастама жүздеген отандастарына нақты көмек көрсеткенін жеткізді. Қалай дегенмен, елдегі азаматтардың қарыз жүктемесі қазіргі таңда қоғам үшін ең өзекті әрі ауыр мәселелердің бірі болып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасының екі жылдық жұмысы бұл проблеманың нақты ауқымын ашып көрсетіп қана қоймай, жүздеген мың азаматқа нақты көмек көрсетуге мүмкіндік берген.
Депутаттың сөзінше, жалаң статистиканың артында тағдыры мен өмірлік қиындықтары бар нақты адамдар тұр.
Асхат Аймағамбетов жобаның табысты болуын оның қоғамдық ұйым ретінде іске асырылуымен байланыстырады. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар қатаң регламенттер мен рәсімдерге тәуелді. Банктермен қарым-қатынас көбіне заң тілімен, бақылаушы орган ретінде ғана жүргізіледі. Ал партия бұл үдерісте делдал (медиатор) рөлін атқарып, қаржы институттарымен тікелей әрі икемді диалог орната алады.
Дәл осы икемділік жобаның тиімділігін арттырды. Қоғамдық ұйым ретінде партия әрбір жағдайға жеке, адами тұрғыдан қарап, стандартты емес шешімдер ұсынуға мүмкіндік алды. Мемлекеттік қызметші нұсқаулықтан тыс әрекет ете алмаса, партия өкілі банкпен тікелей келіссөз жүргізіп, екі тарапқа да тиімді ымыра табуға ұмтылады.
Бүгінде «Қарызсыз қоғам» жобасы бастапқы форматтан әлдеқашан шығып, кешенді қолдау көрсететін экожүйеге айналды.
Оның аясында:
қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру;
психологиялық қолдау көрсету;
жұмысқа орналасуға және кәсіп ашуға жәрдемдесу бағыттары қамтылған.
Бұл жоба тек қарыз мәселесін уақытша «сөндірумен» шектелмейді. Ол азаматтарға өмірін өзгертуге мүмкіндік беретін нақты құрал ұсынып, әсіресе әйелдерге, көпбалалы аналарға өнімді жұмыспен қамтылуға жол ашады.
Осылайша, «Қарызсыз қоғам» – әлеуметтік маңызы жоғары, халықтың қаржылық тұрақтылығын арттыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтижесі бар жоба.