ШҚО–да заңсыз құрылыс жүргізіп жатқандармен күрес жүргізіледі

pixabay.com
Өңірде үлестік құрылыс пен заңсыз нүктелік құрылыс өзекті мәселе болып отыр.
Облыстық әкімдікте Үкіметтің кеңейтілген отырысының нәтижесі бойынша тұрғын үй мәселесін шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда Өскемен қаласында коммерциялық қаражат есебінен 31 тұрғын үй салынып жатыр. Үлескерлердің қаражатын пайдаланған сегіз ұйымның рұқсат құжаттары жоқ. Заңды белшесінен басқан бұл компаниялар жауапқа тартылады.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев жауапты басқарма жұмысын сынға алып, олардың мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жатқанын атап өтті.
Тағы бір мәселе – нүтелік құрылыс. Мәселен, облыс орталығындағы Крылов көшесінде жобалық–сметалық құжаттама бойынша құрылыс компаниясы жеті қабатты тұрғын үй салуы керек болса, факт бойынша тоғыз қабатты салып жатыр.
ШҚО әкімі бұл мәселенің шұғыл шешімі тек мемлекет үшін емес, құрылысшының өзіне де тиімді екенін атап өтті.