ШҚО-да туристер қар құрсауында қалып қойды
Құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған туристерді құтқарды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.
Оқиға Катонқарағай ауданында орналасқан демалыс базаларының бірінде болған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Табиғат аясына демалуға шыққан бір топ турист жолды қар алып қалуына байланысты өз бетінше үйлеріне қайта алмай қалған. Содан төтенше жағдай қызметіне телефон шалып, көмек сұраған. Көп ұзамай оқиға орнына жол талғамайтын «Шерп» көліктерімен жеткен облыстық ТЖД мамандары туристерді Өскемен қаласына дейін аман-есен жеткізген. Департаменттен хабарлағандай, демалушыларға медициналық көмек қажет болмапты.