Атырау облысындағы бір ауданнан 12 мыңнан астам адам көшірілді
instagram/atyrau_oblysynyn_akimdigi
Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттарды су басты, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі ҚР ТЖМ ақпаратына сүйеніп.
Жалпы ауданнан 12 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оның бес мыңы балалар. Тұрғындар Атырау қаласына, Теңіз кенішіндегі вахталық қалашыққа және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына көшірілді.
Төтенше жағдайға байланысты орталық ауруханада ем алып жатқан 70 науқас Бейнеу аудандық орталық ауруханасына көшірілді. Олар 14 жедел-жәрдем реанимациялық автокөлігімен және 50 адамдық екі ikarus көлігімен тасымалданды.
Осы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен телефон арқылы сөйлесті.
Президент облыстағы су тасқыны жағдайын бақылауда ұстап отыр. Су басу қаупін сейілту үшін барлық шара қабылданып жатыр және бұл жұмыстар одан әрі күшейтіледі.
Үкімет қарғын судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді, сондай-ақ материалдық шығындар өтеледі.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновпен сөйлесу барысында Президент ешқандай отбасы, бірде бір тұрғын мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын мәлімдеді және оларға өзінің жылы лебізін білдіріп, әрдайым қолдайтынын жеткізуді тапсырды.