Ресейде су тасқынына байланысты жағдай ушыға түсті
Ресей ТЖМ ББ
Елдің бірнеше аймағын қарғын су басып, жолдар мен көпірлер, тұрғын үйлер, тіпті тұтас елді мекендер топан судың астында қалып жатыр.
Ресей Федерациясы ТЖМ-нің соңғы мәліметіне сүйенсек, елдің 36 аймағында тасқын күшейіп, зор шығын әкелуде. Атап айтқанда, 2 мыңға жуық тұрғын үй, 10 мыңнан астам үй жанындағы учаске, 190 көпір, 120 автокөлік жолын су басқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеше Орынбор облысының Урал өзеніндегі бөгет жарылып, Ескі қалада 600-дей үй су астында қалды. Мұндай үйлердің саны алдағы уақытта төрт мыңға дейін жетуі мүмкін деп болжайды ресейлік мамандар. Сондықтан қауіпті аймақтан халық дереу көшіріліп жатыр. Ордағы бұл бөгет Орынбор облысының шығысында, Қазақстанның шекарасына жақын орналасқан.
Жалпы Орынбор облысында қазір мыңнан астам үй, 4 мыңнан астам учаске су астында қалып, 2 мыңнан астам адам эвакуацияланған.
Ресейде болып жатқан су тасқыны Қазақстанға қауіп төндірмейтінін хабарлады біздің елдің Төтенше жағдайлар министрлігі. Қазір екі елдің жауапты министрліктері тәулік бойы байланыс орнатып, жедел ақпарат алмасып отыр.
Шығыс Қазақстан облысына шекаралас жатқан Ресейдің Алтай өлкесінде де қарғын су 46 елді мекенді басқан, оның ішінде мыңнан астам үй жанындағы учаске мен 500 тұрғын үйге кірген, сондай-ақ көлік жолының бірнеше бөлігін су шайған. Уақытша орналастыру пункттеріне барлығы 30-ға тарта адам жайғастырылған. Алтай өлкесінде ТЖ режимі енгізілген.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында көктемгі тасқынға қарсы дайындық жұмыстары мұқият жүргізілген.
Атап айтқанда, 6,3 мың тонна инертті материал, 468 тонна жанар-жағармай, 55 мың дана қап әзірленген. Өзен-суларда мұз кептелісін болдырмау үшін мұз жару жұмыстары атқарылып, қар көшкінін жүргізу барысында таудан 228 мың текше метр қар түсірілген. Қауіпті учаскелерді әуеден шолып, гидробекеттерде тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Қазір облыс аумағындағы 132 гидротехникалық нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Облыс әкімдігі барлық қызметтердің жұмысын үйлестіріп, жергілікті атқарушы билік пен тиісті орындар жағдайды бақылауда ұстап отыр.