ШҚО әкімі: Жол жөндеу сапасын қарапайым адамдар да бақылай алады
2024 жыл ШҚО-да Жол жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты, өңірде жол жөндеу мәселелеріне, әсіресе атқарылатын жұмыстар сапасына айрықша назар аударылмақ.
Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінің мәжілісінде облыс әкімі Ермек Көшербаев мәлім етті.
Жиналыста облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов баяндама жасап, биыл бұл мақсатқа 28,5 миллиард теңге бөлу жоспарланып отырғанын, сондай-ақ орташа жөндеумен 600 шақырымға жуық жол қамтылатынын хабарлады.
Оның айтуынша, биыл облыс орталығындағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы, Базовая көшелерінің, сондай-ақ Пермитин мен Славский жағалауы көшелерінің қиылыстарында орналасқан жол айрығының құрылысы жалғасады. Жібек жолы мен Базовая көшелерін жөндеу жұмыстары аяқталады.
Қалбатау-Майқапшағай, Талдықорған-Өскемен бағыттарындағы республикалық маңызы бар жолдар мен Осинов асуын қалпына келтіру жалғасын табады.
Облыс әкімі тұрғындар тарапынан жол сапасына қатысты көптеген негізді арыз-шағым келіп түсетінін айтты. Сынның көбеюіне соңғы алты жыл көлемінде жолдардың толыққанды жөндеу көрмегені де түрткі болған. Осыны ескере келе, биыл облыс басшылығы өңірдегі жолдарды жөндеуге жұмсалатын қаражат мөлшерін екі есеге ұлғайтуды ұйғарған.
Жол сапасы ұлттық орталығының директоры Ержан Аязбаевтың айтуынша, 2024 жылы 170 учаскеде қажетті сараптама жұмыстары жүргізілген. Аймақ басшысы бұл жұмысты ары қарай да белсенді жүргізу қажет екенін айтып, жауапты мекемелерге тапсырмалар берді.