Алдағы уақытта 35 мамандық қажетсіз болып қалады - министр
Алдағы уақытта тау-кен металлургия саласында 35 мамандық жоғалады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа мамандықтардың атласын жасап жатыр.
"Онда біз 9 сала бойынша жаңа мамандықтарды анықтап жатырмыз. Онда болашағы бар, өзгеретін, әрі жоғалатын мамандықтар санаты бар. Дүниежүзілік банкпен бірігіп, тау-кен металлургия бойынша жұмысты аяқтадық. Ол еңбек биржасында жарияланды. Жалпы бізде тау-кен металлургия бойынша 36 жаңа, 16 өзгеретін, 35 жоғалатын мамандық тіркелді", - деді ол Мәжілістегі үкімет сағатында.
Сондай-ақ, министр болашақта бұл салада қандай жаңа мамандықтар пайда болатынына тоқталды.
"Сарапшылардың болжамынша, алдағы уақытта көп мәліметке сараптама жасау (Big data), 3D принтердің әзірлеушісі, жүргізушісіз басқарылатын көлік операторы, өндіріс геймификаторы, өндіріс қалаларының жобалаушысы, рециклинг технолог, жөндеудің үйлесімділігіне жауап беретін инженер, эко-аналитик, композитті материалдарды құрастырушы, өндіріс ағымдарының логисі, виртуал жетекші және тағы басқа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Бұл білім беру жүйесіне бағыт көрсету үшін маңызды", - деді Нұрымбетов.
Сонымен қатар, ол жаңа мамандықтар атласы дайын болғаннан кейін кәсіби стандарттарға өзгеріс енгізіліп, оған сәйкес білім беру бағдарламалары бейімделетінін атап өтті.
"COVID-19 пандемиясы бізге жаңа мамандықтар атласын жасауға кедергі келтірді. Осы жылдың қазанында 8 бағыт бойынша жаңа мамандықтар атласын дайындаймыз. Бұл жұмыс аяқталуға жақын", -деді министр.
Айта кетейік, осыған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде коронавирустың екінші толқыны басталса, қанша адам жұмысыз қалуы мүмкін екенін айтқан еді.