Жасыл ел: 1000 адам жұмыспен қамтылады
Жыл сайын тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы мен «Бастау Бизнес» жобасы жастарды жұмыспен қамтып келеді. Аталған бағдарлама мен жобаның биылғы жұмыс барысын жауапты мамандар «Amanat» ШҚОФ жанындағы жастарды қолдау жөніндегі Кеңестің отырысында талқылады.
Биыл да «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жалғаспақ. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 1000 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған бағдарламалар бойынша ШҚО еңбек мобильділігі орталығының, ШҚО Жастар ресурстық орталығының, Шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ несиелеу бөлімінің мамандары кеңес өткізіп, жоба мен бағдарламаны жүзеге асыру барысын талқылады.
Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқыту business.enbek.kz порталында онлайн-форматта жүзеге асырылатыны айтылды.
Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарындағы қатысушылар өздерінің бизнес-жобаларын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алуға үміткер бола алатыны да отырыс барысында айтылды.