Шығыс Қазақстанда сауда-өнеркәсіп аймағы құрылады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев шекарадағы Майқапшағай кеден бекетінің жұмысымен танысты.
Мұнда ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шекараға дейінгі жол кеңейтіліп, жаңа ғимарат салынып, бекетке заманауи жабдықтар орнатылады. Соның нәтижесінде көрші елден келетін жолаушылар мен көліктерді қабылдау көлемі де ұлғаяды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай-ақ облыс әкімі Зайсан ауданындағы «MIGLIOR» минералды суын және түрлі сусындар шығаратын «ARNNA MINERALS» кәсіпорнын аралап көрді. Алдағы уақытта «Altay» атауын жеке бренд ретінде қалыптастырып, дамыту қажет екенін атап өтті аймақ басшысы. Мәселен, Қатонқарағай сынды аудандардан кәсіпорын филиалы ашылып, жоба дами түсетін болса, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Зайсан ауданының ғана емес, облыстың сауда, инвестиция саласының әлеуетін арттыратын жоба халықаралық жүк әуежайы болмақ. қазір Қарабұлақ округінің Сәтпай ауылында салынады деп жоспарланған бірегей нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар Зайсан қаласындағы жолаушылар әуежайын қайта жаңғырту жобасы қарастырылуда.