KZ
Өскемен
+12°
переменная облачность жел 2 м/с, Ю
441.58 480 4.86

Өскемендегі апатты жағдайдағы мектепте жөндеу басталды

2.05.2024, 15:32 101 Қызырбек Дүргінбайұлы

Облыс орталығының Защита шағын ауданында орналасқан №2 жалпы білім беретін мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мектеп ғимараты әлдеқашан апатты жағдайда деп танылған. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін  мердігерлер жұмысқа кірісті. Облыс әкімінің қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 163 млн теңге бөлінген.

– Аталмыш мектепке күрделі жөндеу жүргізу мәселесі көптен бері шешімін таппай келген болатын. Ғимарат қабырғасында жарықшақтар пайда бола бастады. Сондықтан біз 2-3 жыл бұрын бұл мәселені көтеріп, жұмысты қолға алған едік. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, биыл облыс басшылығының қолдауымен жөндеуге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер компания жөндеу жұмысын бастап кетті. Жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталуға тиіс. Бірақ кейде жобалаушылардың тәжірибесіздігі жұмысқа кедергі келтіреді. Мысалы, негізінен жөндеуді қажет ететін жерлерді жобаға кіргізбей қояды да, қосалқы жұмыстарға басымдық береді. Ал біз сұраған кезде мердігер ұйым құжатта көрсетілмегендігін алға тартады. Сондықтан біз қайтадан жобаға қатысты техникалық шешім шығаратын боламыз. Сонда ғана жұмыс барысы оңтайлы болмақ,  – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Мердігер ұйым мектеп қабырғасына тор темірден бастырма салып, іргетасын жөндеуді бастап кетті. Қазір мұндағы 572 оқушы №22 мектепте білім алып жатыр.

– 9-11 сынып оқушылары №22 мектепте оқып жатыр. 0-8 сынып оқушылары үш негізгі сабақты аталмыш мектепте, өзге пәндерді қашықтықтан оқиды. Әдеттегідей, бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. Төртінші тоқсанды осылай аяқтаймыз, – деді «№2 жалпы білім беретін мектеп» КММ директоры Жанат Омарова.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив