Өскеменде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті (видео)
Бүгін Өскемендегі Мансап орталығының алаңында қаладағы 40-қа жуық жұмыс беруші кәсіпорын-мекемелердің қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мансап орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, ауқымды шараға колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері, орталықта жұмыссыз ретінде есепте тұрған қала тұрғындары қатысты.
Айта кетерлік жайт, қазір жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыс іздеу үшін Мансап орталығына келу де міндетті емес. Өйткені барлығы цифрланған. Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс беруші де, жұмыс іздеуші де барлық қызметті қашықтан ала алады.
Жұмыс берушілердің пікірінше, негізінен қала бойынша сұранысқа ие мамандықтар – электрик, энергетик, құрылыс мамандары, аспаз, тігінші, әскери мамандар, техника саласының мамандары және мұғалімдер.
Айта кетсек, қазір Өскемен қаласында 3953 адам порталда жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.