KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
504.44 545.65 5.95

Мектептегі жемқорлық: ШҚО-да 11 қылмыстық іс қозғалды (видео)

21.05.2024, 12:30 9 596 Айжанат Бақытқызы

Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың төрт айында ғана білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 11 қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл туралы заңсыз ақша жинау фактілерінің алдын алу мақсатында балабақша, мектеп, колледж директорларының қатысуымен өткен жиын барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев мәлімдеді.

Департамент өкілінің айтуынша, 1424 колл-орталығына ата-аналар тарапынан «мектептің жөндеу жұмыстарына немесе сыйлыққа ақша жинап жатыр» деген наразылық арыз-шағымдары түсіп жатады. «Білім туралы» заңға сәйкес білім ошақтарында ақша жинауға тыйым салынған.

«Білім саласы сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары салалардың бірі. 2020 жылдан бастап осы жылдың төрт айын қосқанда облыс бойынша білім саласында 68 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық анықталды. 58 қылмыстық іс тіркеліп, 33 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Келтірілген залал 221 миллион теңгені құрайды. Соның 83 миллион теңгесі өндіріліп, 8,9 миллион теңгенің мүлкіне тыйым салынды»,- деді Талғат Башев.

Мектепте ақша жинауға заңмен қатаң тыйым салынып, мектеп директорларына материалдық сыйақы мен пара алғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Елімізде орта білім беру тегін. Білім ошақтарын жыл сайын ағымдағы жөндеуге мемлекеттен тиісті қаражат бөлінеді.

Сондықтан департамент өкілдері осындай фактілер болған жағдайда  ата-аналар 1424 колл-орталығына немесе департаменттің 29-88-88 номеріне хабарласу қажет екендігін айтты. Хабарласқан ата-аналар жайлы ақпарат құпия сақталады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу