KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ЖОО-ның ақылы бөліміне түскісі келетіндерге пайызсыз несие беріле ме?

Фото: didarmedia.kz

24.07.2024, 21:19 221 Ләззат Қанатқызы

Елімізде ЖОО-ның ақылы бөліміне түскісі келетіндерге пайызсыз несие берілетін болады.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн-брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

- Біз оны бірнеше екінші деңгейдегі банктермен және қаржы орталығымызбен бірлесіп заңнамалық тұрғыдан әбден зерделеп, пысықтадық. Оны жылдың соңында ресми түрде іске қосамыз. Яғни, бұл арада АҚШ-тағыдай жоғары білім алу үшін пайызсыз несие алуға болады, - деді министр.

Сондай-ақ министр жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту үшін төрт құрал енгізіліп жатқанын атап өткен болатын.

- Бірінші құрал - "Ұлттық қор – балаларға" енгізіліп қойды. Осы жылдың ақпан айынан бастап әр балаға арнайы шот ашылып, жинақ жасалып жатыр. Екіншісі - жыл соңына қарай "Келешек" жинақтаушы білім беру жүйесі іске қосылады. Бұл ерікті жүйе және отбасы өз еркімен баласының оқу ақысын алдын ала жинау туралы шешім қабылдайды. Оқуға түсер кезде жинақталған сомамен қатар "Ұлттық қор – балаларға" жинағы да кепілдік бола алады. Мұның бәрі бір шотқа жинақталады, ал егер бала грант ұтып алған болса, онда бұл ақшаны ол баспана сатып алуға немесе артынан өсіп келе жатқан іні-қарындастарына тапсыруға болады. Үшінші құрал - пайызсыз несие. Ал, төртіншісі - дифференциальды гранттар. Биыл гранттарды бөлу кезінде мұны сынақ ретінде іске қостық, - деді Саясат Нұрбек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу