ШҚО-да жем-шөптің өртенуі жиілеп кетті
Үш күнде облысымызда шөп өртенуіне қатысты алты факті тіркелген. Өртенген жем-шөптің жалпы салмағы 74 тоннаны құрапты. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дерек көзінің мәліметіне сенсек, тамыз айынан бері өңірде шамамен 1 400 тонна шөп өртенген.
Ал соңғы бірнеше күнде тіркелген фактілерге тоқталсақ, Абай ауданында жеке тұрғын үйдің ауласындағы 7,5 тонна шөп отқа оранса, Катонқарағайда – 12, Жармада – 1,5, ал Зайсанда 18 тонна шөп жанып кеткен.
Сондай-ақ, Күршім ауданында екі тоннаға жуық шөп әкеле жатқан «ЗиЛ-130» автокөлігі жүгімен қоса өртенген. Оқиға салдарынан көлікті тізгіндеген 1959 жылғы азамат жарақат алып, ауруханаға жеткізіліпті.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, көп жағдайда шөптің отқа орануына жылы әрі құрғақ ауа райы мен жұрттың немқұрайлығы себепші болады. Осыған байланысты құтқарушылар ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшыларына өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет екенін тағы бір мәрте ескертеді.