ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов: Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы бағытында әлеуеті мол (Видео)
Серебрянск қаласында орналасқан «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС Шығыс Қазақстанның келешегі зор өнеркәсіп нысандарының бірі бола алады. Аталмыш зауыт "Su Bereke" атты маркамен әмбебап жаңбырлатқыш машиналарды өндіруде. Сонымен қатар, өңірдегі сүт-тауарлы фермалар да агроөнеркәсіптік кешеннің ірі өндірістік кластеріне айналмақ. Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов аталған кәсіпорындардың қызметімен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңір басшысына Серебрянскідегі «Su Bereke» машиналары зауытының өндірістік процесі таныстырылды. Кәсіпорында ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға арналған жаңбырлатқыш машиналар шығарылады. Зауыттың өндірістік қуаты бастапқы кезеңде айына 28 жаңбырлатқыш машина шығаруға есептелген, ал толық қуаттылыққа шыққан кезде жылына 1000 жаңбырлатқыш машина өндіруге мүмкіндік бермек. Өнімдерін тек Қазақстан нарығына шығарумен шектелмей, шетелге де экспорттау көзделуде.
Айта кету керек, мұндай өндіріс орындары өңір экономикасын әртараптандыру стратегиясының бір бөлігі болып табылады.
Сонымен қатар, облыс әкімі Полянск ауылында салынып жатқан «Мойылды Байқоңыр» сүт-тауарлы фермасына барды. Жоба аясында бұл кешен өңірдің ең ірі агроөнеркәсіптік өндірістерінің біріне айналады деп күтілуде.
Ферма 1075 бас сауын сиырға есептелген және тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өндіруге қауқарлы. Бұл өнім көлемі Шығыс Қазақстанның азық-түлік өнеркәсібіне айтарлықтай үлес қоспақ. Сонымен қатар, жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Әкімге жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңдері мен қолданылатын технологиялар таныстырылды. Ферма басшылығы кешеннің заманауи мал шаруашылығы стандарттарына сәйкес салынатынын атап өтті. Онда сүт сауудың автоматтандырылған жүйелері мен өнім сапасын бақылау технологиялары қарастырылған.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Биылдың өзінде ферма іске қосылып, оның өнімдері Шығыс Қазақстан облысының нарығына жеткізіле бастайды деп күтілуде.