ШҚО субсидия алушылар саны бойынша көш бастап тұр
Шығыс Қазақстан облысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша субсидияланған жобалар саны жөнінен еліміз бойынша көш бастап келеді.
Айталық, осы мемлекеттік бағдарлама іске кіріскен 2010 жылдан бері жалпы сомасы 136,9 миллиард теңгені құрайтын 993 жоба субсидияланған. Ал осы жылдың 11 айында 109 жобаға 10 миллиард теңгенің субсидиясы тағайындалыпты. Өз ісін енді ашып жатқан азаматтар үшін аталмыш субсидиялар айтырлықтай көмек болып табылады.
– Субсидиялар облыстың барлық аудан-қалаларында төленуде. Өскеменде 388, Семейде 220, Зырян ауданындка 79, Глубокое ауданында 56, Риддер қаласында 53 жоба мемлекет тарапынан демеу қаржы алған, бұлар – ең көп субсидия алған өңірлер болып отыр, – деді әкімдік отырыснда баяндама жасаған кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ержан Шорманов.
Ал, субсидямен ең көп қамтылған бағыттар қатарына өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау салалары еніп отыр.
Аталған бағдарлама кәсіпкерлік жобаларына кепілдік беруді де қарастырады. Мәселен, биыл облыстағы 74 жоба 760,5 миллион теңгеге кепілдендірілген. Бекітілген кеплдімелер саны бойынша облысымыз республикада екінші орын алады.
Тәжірибесі аз кәсіпкерлерге қаржылай қолдаудан бөлек білім мен біліктілік те қажет. Осыған орай, бағдарлама аясында 12 мыңнан астам азамат «бизнес-кеңесші» және «бизнес-өсу» бағыттары бойынша, 415 адам «Жас кәсіпкер мектебі» жобасы бойынша, 326 адам «Жаңа кәсіп ашуды қолдау» жобасы бойынша оқытылған.