KZ
Өскемен
+5°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
489.36 533.45 4.99

“Өскемен ТМК” АҚ мен үндістандық компания бірлескен кәсіпорын құрмақ

Кеше, 21:00 72 Төлеуғазы Жансая

«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ мен Үндістанның мемлекеттік IREL Limited компаниясы «IREUK Titanium Limited» бірлескен қазақ-үнді кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бірлескен кәсіпорынның негізгі мақсаты – Үндістан Республикасында титан шлагын өндіретін зауыт салу. Төртінші қарашада болған келісімге қол қою рәсімі Үндістан Республикасының Мумбай қаласында өтті.«ӨТМК» АҚ тарапынан келісімге компания президенті Әсем Мамутова, ал IREL Limited тарапынан басқарушы директор Дипендра Сингх қол қойды.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 496,6 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Ал өңірдің “Өскемен ТМК” сияқты алып кәсіпорындары өз бетінше өзекті шешімдер қабылдап, шетелдік инвесторлармен бірлескен кәсіпорындар құруы аймақтың өркендеуіне сеп болатын тек құптарлық бастамалар. 
Қазақ-үндіс бірлескен кәсіпорны бойынша рәсімге ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Жолғасбаев, Мумбайдағы ҚР Құрметті консулы Махендра Кумар Сангхи, Мумбайдағы ҚР Құрметті консулының орынбасары Асиф Навруз, Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсіп басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Маратов, сондай-ақ «ӨТМК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер қатысты.
Үндістан Республикасы тарапынан рәсімге Атом энергетикасы департаментінің хатшысы А. Моханти, Бхабха атындағы атом зерттеулер орталығының директоры Вивек Бхасин және Атом энергетикасы департаментінің хатшысы Анжали Синха қатысты.
«Өскемен ТМК» АҚ – титан өндіретін әлемдегі ең ірі тік интеграцияланған компаниялардың бірі, шикізатты өндіруден бастап, жоғары қосылған құнды өнімдер шығаруға дейінгі толық циклді жүзеге асырады. Комбинаттың негізгі өнім түрлері: губкалы титан, құймалардағы алғашқы магний, титан құймалары мен қорытпалары, ванадийдің пентаоксиді.
«Өскемен ТМК» АҚ өнімдері әлемдегі барлық авиағарыштық өндіріс саласының өндірушілерімен сертификатталған. Титан өнімінің 100%-ы дамыған елдерге экспортталады.
Ал зауыттың жаңа серіктесі India Rare Earths (IREL) Limited – сирек металдарды және басқа да стратегиялық материалдарды өндірумен айналысатын үнді мемлекеттік компаниясы. Компанияның негізгі өнімдері – ильменит, рутил, циркон, монацит, силлиманит және гранат.
IREUK Titanium Limited бірлескен кәсіпорны «Өскемен ТМК» АҚ-на Үндістаннан титан шлагын жеткізуге мүмкіндік береді. Өз шикізат базасын кеңейту өнімнің өзіндік құнын төмендету арқылы қазақстандық титанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Бірлескен кәсіпорын құру және «Өскемен ТМК» АҚ-ның Үндістанның ең ірі мемлекеттік компанияларының бірі IREL Limited-пен интеграциялануы Қазақстан және Үндістан Республикаларының экономикалық өсуі мен әл-ауқатының артуына ықпал етпек.
Айта кету керек, ел Шығысында облыс әкімдігі тарапынан өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда Өңірлік инвестициялық штаб пен облыс прокуратурасы жанынан фронт-офис құрылып, инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешуде консультативтік көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, «Инвестор жолы» және «ШҚО инвесторының тұсбағдары» іс-қимылдар алгоритмі де әзірленді. Соның арқасында инвесторлар өңірдің әлеуетімен, қолдау шараларымен және қаржыландыруды талап ететін жобалармен танысу мүмкіндігіне ие болмақ.
Бұдан басқа, облыстан инвестициялық жобалардың жалпы ұлттық пулына 2032 жылға дейін іске асырылатын 912,6 млрд. теңге сомасына 40 инвестициялық жоба енгізілген. Олар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, энергетика және туризм салаларында.

Материал “Өскемен ТМК” АҚ баспасөз-қызметі ақпараты негізінде әзірленді

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив