KZ
Өскемен
+30°
ясно жел 3 м/с, В
467.29 501.03 5.35

Даниал Ахметов: Шығыстан ел намысын қорғайтын чемпиондар шығатынына сенемін

7.12.2018, 11:46 120

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер сұрағына жауап беріп,өңіре атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


-Өздеріңіз білесіздер, бүгінде өскемендік «Алтай» командасы волейболдан Қытайда өтіп жатқан қыздар арасындағы клубтық Әлем чемпионатына қатысуда. Әрине, әзірге біздің волейболшыларға төрткүл дүниенің мықты клубтарымен терезесі тең дәрежеде өнер көрсету мүмкін болмай тұр. Дегенмен, біз дұрыс бағытта жылжып келеміз. Командамыздың жаһандағы мықтының мықтысы қатысатын додаға жолдама алуы бәріміз үшін зор мәртебе. Мұндай жетістікпен тіптен бүкіл республика мақтануы тиіс. Себебі, қазақ волейболшылары дәл осындай чемпионаттарға үнемі қатыса бермейді. Ең бастысы, дәл осы команданың жас ойыншыларынан алдағы уақытта Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады, деді Д.Ахметов.


ШҚО әкімі бұған қоса «Altay Athletics» деп аталатын кәсіби жеңіл атлетика клубы бар екен те тілге тиек етті. Бұл ұжымның құрылғанына көп бола қоймаса да, клубтың жеткен жетістіктері айтарлықтай зор. Ең алдымен, клуб сапына даңқты жерлесіміз, үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қосылды. Сонымен қатар халықаралық додаларда «Altay Athletics» атынан бірнеше кениялық желаяқ сынға түсіп жүр. Бұл легионерлеріміз қатысқан жарыстарынан жүлдесіз қайтпайды.


-Қазір кениялықтарға Қазақстанның азаматтығын алып беру мәселесін қарастырудамыз. Ондағы мақсатымыз –біздің ұл-қыздарға дұрыс бағыт-бағдар беру. Өз басым тәжірибесі толысқан кениялық саңлақтармен бірге жаттыққан жас спортшыларымыздан болашақта талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғайтын чемпиондар шығатынына сенемін. Сондай жастардың бірі деп Гүлжанат Жанатбекті айтуға болады. Қазір Гүлжанат кениялық командаластарымен бірге Кенияда тұрып, жаттығып жатыр. Біз бұл қызымыздың болашағынан зор үміт күтеміз, -деді өңір басшысы.


Жақында үржарлық Ерлан Серікжанов дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Айта берсе, мұндай мысал көп. Мұның бәрі облысымызда спортты дамыту бағытында тындырылып жатқан кешенді шаруалардың жемісі деуге толық негіз бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив