KZ
Өскемен
-25°
туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Ел демалуға, Полина диплом алуға кетті

25.06.2024, 14:13 130 Жанаргүл Мұқатай

Глубокое ауданының Быструха ауылында тұратын кәсіпкер Полина Троеглазова бірнеше жылдан бері балдан алуан түрлі өнімдер жасаумен айналысып келеді. Оның жаңғақ қосылған балы өңіріміздегі тұтынушылардың көпшілігіне кеңінен танымал болып үлгерді.

Полина мен Александр Троеглазовтар балды өздерінің атадан балаға мирас болып келе жатқан омарташылықтарынан алып отырса, балға қосатын жаңғақты Катонқарағай ауданынан сатып әкеліп жүр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бал өнімдерін өздері шыны құтыға құйып, орап, қаптап, тұтынушыға қолайлы етіп даярлап қояды. Балдың пластик емес, шыны құтыға құйылып шығарылып жатқаны өнімнің қауіпсізідігіне ғана емес, ұзақ сақталуына кепілдік береді.

Өткен жылы олар Глубокое ауданы бойынша «Жол картасы -2025» бағдарламасына қатысып, конкурс жеңімпазы болып танылып, мемлекеттен берілетін 4,6 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыны ұтып алған.

Быструха ауылындағы «Лесное» жеке кәсіпкерлігінің иесі Полина сол қаржыға ауылдан крем-бал өндірісін, оның ішінде жаңғақ қосылған крем-бал өндіру жобасын жүзеге асырып, арнайы цех  ашып жатыр.

Полинаның арғы аталарының бәрі де ежелден омарташылықпен айналысқан екен. Оның атасы Виктор Проценка да қазір омарташылыққа бас - көз болып, ара шаруашылығының қыр - сырын ұрпағына үйретіп, жанында жүр.

Полина балдан бұлақ ағызудың жайын атасынан үйренсе, бал қосылған түрлі өнімдер алудың жолын өзі оқып, меңгеріп жатыр. Балға жаңғақты қосып, Алтайдың түрлі дәрумендерін қосып, жаңа өнім шығару айтуға оңай болғанымен, оларды технологиялық талаптарға сай етіп жасау білімді, тәжірибені қажет етеді.

Бал өнімдерінің технологиясын меңгеру үшін ол бірнеше жыл бұрын И.Ползунов атындағы Алтай мемлекеттік техникалық университетіне сырттай оқуға түсуге бел буады. Енді міне, бірнеше аптадан соң ол осы ЖОО дан «өсімдік шикізатын қайта өңдеу саласының инженер – технологы» деген мамандықты меңгеріп шықпақ. Дипломын қорғау үшін біраз күн бұрын Ресейдің Барнаул қаласына аттанып кетті. Ел демалуға кетсе, Полина диплом алуға кетті.

Быструхадағы «Лесное» омарташылығы мамырдың жұпар иісі аңқыған балын жуықта ғана жинап алды. Ауа - райы қолайлы болып тұрса шілденің ортасында «сары алтынды» лықылдата тағы бір жинап алатын мезгіл келіп жетеді. Әйтсе де, «Балапанды күзде сана» деген, балдың қалай болатынын алдағы күз көрсетеді. Қолғабыс етіп, қашанда омарташылық басында жүретін атасы Виктор Иванович Полинаның араларының күтімін келтіріп, сапалы бал алудың қамын жасап бағуда.

Кәсібімді дамытсам, өркендестем, ауылымның әлеуетін пайдаланып бал өндірісін отандық нарыққа ғана емес, шетелге шығарсам деген Полина Троеглазованың арман, тілегі өте көп.

Табиғаттың тартуының арқасында жетістікке жетіп отырған оның шаруасының дөңгеленуіне елімізде жүзеге асырылып жатқан  «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының тигізген шапағаты мен көмегі де ұшан - теңіз. Осы бағдарлама арқылы ол отбасылық кәсібін алға жылжытып, көпке танытып, конкурстың жеңімпазы бола отырып өнімдерін жарнамалауға мүмкіндік алды.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде былтыр аймақта жаңадан іс бастаған 45 кәсіпкер грант иегері атанған. Бұл жобалардың салалық құрылымында тамақ өнімдерін өндіру, спорт және білім беру, креативті экономика, туризм және жеңіл өнеркәсіп салалары басым.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу