KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
516.93 542.52 4.98

VIII Қытай-Еуразия ЭКСПО көрмесі ашылды

26.06.2024, 11:48 171

Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласында VIII Қытай-Еуразия ЭКСПО көрмесі ашылды. Халықаралық көрменің ашылу рәсіміне Өзбекстан мен Қырғызстан Премьер-министрлері, сондай-ақ Тәжікстан мен Қазақстан Премьер-министрлерінің орынбасарлары келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин айтулы іс-шараға қатысып жатқан елдердің ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан әлемдегі ең ірі инвесторлардың және жаһандық экономика жетекшілерінің бірі саналатын Қытай мемлекетімен мен талай жылдан бері тығыз байланыс орнатып, тұрақты даму жолында бірлесе әрекет етіп келеді. Екі ел Президенттерінің бастамасымен Қытай мен Қазақстан арасындағы «алтын отыз жылдық» аталған қарым-қатынастың жаңа парақтары ашылды.

Алдағы уақытта екі елдің сауда-экономикалық байланысы нығая түспек. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарда бар. Бүгінде еліміз ҚХР-ға өнеркәсіп тауарларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Қызмет көрсету секторы қарқынды дамып келеді. Ал бүгін ашылған халықаралық көрме серіктестік орнатуға жол ашатын бірден бір қадам.

– Соңғы жылдары Қытай-Еуразия ЭКСПО көрмесінің беделі арта түсіп, Орталық Азия шеңберінен асып үлгерді. Еуразия кеңістігінде бизнес пен биліктің өзара іс-қимылын үйлестіретін маңызды шараға айналды.Бұл көрмеге қатысуды біз де игі дәстүрге айналдырдық. «Жібек жолының жаңа мүмкіндіктері, Азия мен Еуропаның жаңа өмірлік күші» деген тақырып «Бір белдеу – бір жол» бастамасының екінші онжылдығының басында тұрған еуразиялық кеңістік елдерінің ынтымақтастығының әлеуетін дәл көрсетіп тұр, – деді Серік Жұманғарин.

Халықаралық көрмеге 50 елден, аймақтардан және халықаралық ұйымдардан, 30 провинциядан, автономиялық аудандар мен муниципалитеттерден, Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусынан және 14 префектуралар мен қалалардан 1900-ден астам компания мен мекеме қатысады.

 Алғаш рет төрт ірі көрме залы ашылды: кәсіпорындардың орталық павильоны, жаңа кәсіпорындардың мамандандырылған павильоны, Гуандун, Гонконг және Макао аймақтық кәсіпорындарының павильоны және Шыңжаңның сегіз ірі өнеркәсіптік кластерлер тізбегінің негізгі павильоны.

 Еліміз ЭКСПО-ға құрметті қонақ ретінде қатысады. Көрме қонақтары ең алдымен Қазақстан павильонын аралап көргенін айта кеткен жөн.

Көрмеге киіз үй түріндегі инсталляция қойылып, іші-сырты безендірілді.

– Қытай – ірі нарық. Мұнда біздің өнімдерімізге қызығушылық танытатын компаниялар көп. Қытай нарығына экспортталатын негізгі өнім – күнбағыс майы. Көрмеде онға жуық компания өз өнімін ұсынды. Сондай-ақ біз ұсынатын бірегей өнімнің бірі – құрғақ түйе сүті. Сондай-ақ көрмеде бал, ұн, азық-түлік, кондитерлік өнімдер, зергерлік бұйымдар, ұлттық стильдегі киімдер және т.б. бар. Сұранысты ескере отырып, біз павильон аумағын ұдайы ұлғайтамыз. Биыл павильон аумағы – 260 шаршы метр. Көрме барысында компаниялар өз өнімдерін таныстырып, келіссөз жүргізеді. Жалпы, бұл екі ел арасындағы сауда көлемін арттыратын бірегей алаң, – деді QazTrade компаниясы бас директорының орынбасары Әсел Егенбердиева.

ЭКСПО аясында екі елдің компаниялары арасындағы ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Еуразия кеңістігі көз тіккен айтулы көрмеге Шығыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысып жатыр.                                                                 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу