KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
523.86 544.34 5.11

Құрылыс жұмыстары межелі уақытында аяқталады – ШҚО

25.06.2024, 17:53 331 Нұржан Кенжеұлы

Биыл елімізде рекордтық жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығы 12 мың шақырым жолды қалпына келтіру жоспарлануда. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айта кетейік, бұл күндері бейінді ведомство өкілдері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республикамыздың облыстарында атқарылып жатқан жол салу, жөндеу жұмыстарының барысымен танысып жүр. Осыған дейін Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Жетісу мен Абай облыстарында болып қайтқан министрлік басшылығы бүгін Шығыс Қазақстанға ат басын тіреді.

Сапары аясында Марат Қарабаев бастаған делегация облыста қолға алынған бірқатар ауқымды жобаның іске асырылуы барысымен танысып, құзырлы органдар мен жауапты мердігер компанияларға тапсырмалар берді.

Министр тексерген алғашқы нысан «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» бағытындағы жол болды. Бүгінде еліміздің үш өңірі – Жетісу, Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстыратын жалпы ұзындығы 768 шақырымды құрайтын трассаның құрылысы Мемлекет басшысының ерекше назарында. Сол себепті, жұмыстарды сапалы жүргізіп, уақытында аяқтау маңызды. Мұны Марат Қарабаев та ерекше қадап айтты. Жалпы, 2024 жылдың соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстарды толығымен аяқтап, жолды халық игілігіне тапсыру жоспарланған.

Сол сияқты Майқапшағай мен Қалбатау арасындағы жолға да айрықша мән беріліп отыр. Қазір «Омбы – Майқапшағай» бағытындағы трансшекаралық жолдың бір бөлігі саналатын трассадағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 415 шақырымға жететін жолдағы жөндеу жұмыстарын шетелдік мердігер компания жүргізуде. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін Шығыс Қазақстанға тиесілі учаскесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс. Бұл – ұзындығы шамамен 170 шақырымнан асатын жол.

– 2024 жыл Шығыс Қазақстан облысында жол жылы болып жарияланғанын білеміз. Біз министрлік тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау білдіруге әзірміз. Негізі, облыста халық тарапынан сапасына қатысты сын көп айтылатын бірнеше жол бар. Олар: «Өскемен – Риддер», «Өскемен – Семей», «Өскемен – Шемонайха» бағыттарындағы трассалар, сонымен қатар Рахман қайнарына апаратын жол. Аталмыш бағыттардағы жолдарды қалпына келтіру жобалары Үкімет тарапынан қолдау тауып, бұл мақсатқа қажетті қаражат бөлінді. Биыл төрт трассаны орташа жөндеу жұмыстары басталады. Бұл жұмыстарды келер жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деген Марат Қарабаев Бұқтырма су қоймасының үстінен өтетін көпір мәселесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, көпір құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Жұмыстар 75 пайызға орындалған. Қажетті қаражат бөлініп, игерілуде.

– Мердігер компания өз мойнына алған міндетті уақтылы орындаймыз деп отыр. Бұйырса, алдағы қараша айында бұл көпірді де ел игілігіне беретін боламыз, – деп мәлім етті ведомство басшысы.

Белгілі болғандай, бүгінде облысымыздағы тағы бір ірі жоба саналатын Осинов асуын айналып өтетін жол учаскесінің құрылысы да қызу жүріп жатыр. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын бұл жол 2025 жылы салынып бітпек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Margulan 26 маусым 2024 13:36
0

жақсы тезирек битирсин