«Сергек» бейнебақылау жүйесін енді кім басқарады?
Фото: time.kz
«Сергек» бейнебақылау жүйесін әзірлеуші «Көркем-Телеком» ЖШС мемлекетке 238 миллион теңге қайтарады. Шығыс Қазақстан облысының прокурорлары жобаның негізсіз қымбаттауына әкеп соқтырған заңсыз төлем фактілерін анықтап, сот арқылы шындыққа қол жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өткен жылы «Сергек» бейнебақылау жүйесімен Өскемен, Алматы, Атырау, Шымкент, Түркістан, Тараз, Семей, Ақтау, және Астана қалалары қамтылған.
Астанада аталмыш жоба 2017 жылы қолға алынды. Сол кезде «Астана мәслихатының депутаттары елордада 13 мың камера орнату бойынша құны 8,4 млрд теңге болатын жобаға бірауыздан дауыс берді. Әзірлеушілердің жоспары бойынша жол ережелерінің сақталуы қадағаланатын бейнебақылау камералары барлық қиылыстарға орнатылады» деп мәлімдеген еді Информбюро.
Жобаны әзірлеушілермен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында келісімшарт жасалды. Бұл келісімшарт бойынша жекеменшік иелері жобаны жасап, инвестициялайды және айыппұлдар есебінен, жетіспеген жағдайда бюджеттен, қаражатын қайтарып алады.
МЖӘ шарты 6 жыл 7 айға, яғни 2024 жылға дейін жасалған. Шарт мерзімі аяқталуға таяғанда компанияның заңға томпақ әрекеті әшкере болып отыр. Мұны Шығыс Қазақстан облысының прокурорлары растайды.
Келісімшарт бойынша бейнебақылау камералары, кабельдер мен сымдар, сондай-ақ «Сергек» серверлері мемлекетке тиесілі, ал бағдарлама – әзірлеуші компанияның меншігі.
Енді Шығыс өңірінің және өзге аймақтардың алдында бүкіл елді қамтыған бейнебақылау жүйесін басқаруды жекеменшіктен алып, мемлекет бақылауына беру міндеті тұр.
Тараптар арасындағы шарт мерзімі аяқталуға жақын. Сондықтан ел билігі оңтайлы шешім қабылдау үшін белсенді әрекет етуде. «Сергек» жүйесінің мемлекет балансына берілуі қомақты қаражат жұмсалған бағдарламаның одан әрі жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, ұлт қауіпсіздігінің кепілі болмақ.