Жасалған қылмыстар саны бойынша ШҚО төртінші орында тұр
Өңірдегі Полиция департаменті басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстанда аса ауыр қылмыс саны 35%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ ауыр қылмыстар, яғни қарақшылық шабуыл 26%-ға, тонау 19%-ға бұзақылық 20%-ға едәуір азайған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Облыс аумағындағы криминогендік жағдай жалпы алғанда тұрақты, соңғы үш жыл ішінде қылмыс саны төмендеуде. Ағымдағы жылы оның саны 20 мың қылмысты құрады, - деп атап өтті облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев.
ПД бастығының айтуынша, жасалған қылмыс саны жөнінен Шығыс Қазақстан Алматы қаласы, Алматы облысы және Астана қаласынан кейінгі төртінші орында тұр.
– Әрине, күшіміздің басым бөлігі екі үлкен қала – Өскемен мен Семейдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Жанарбек Бақтыбаев. – Өңірдің қалаларында 10 айдың ішінде облыс бойынша барлық қылмыстардың 68%-ы тіркелген. Аталған қылмыстар аймақтағы криминогендік жағдайдың қандай екенін анықтайды.