Семей көшелеріндегі ағаштар неге себепсіз кесіліп жатыр?
Қала тұрғындары Семей көшелеріндегі ағаштардың себепсіз кесіліп жатуын түсіне алмай отыр. Қала әкімдігі айтуынша, электр бағандарының сымдарына кедергі келтіріп тұрған, сол сияқты ескі және семіп қалған ағаштар ғана кесіліп жатыр. Десе де жағдай басқаша сияқты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Осыған орай қала әкімдігінде Семейдегі қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен арнайы жиын өтіп, аталмыш мәселе жан-жақты талқыланбақ. Тұрғындардың айтуынша, бензопила арқылы қарағаш пен теректер аяусыз оталып жатыр. Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Николай Исаевтың сөзіне сүйенсек, Семей қаласы құмды аймақ. Сәл жел тұрса болды, құм көтеріледі. Шаң тұрады. Ал адамдар шаңнан демала алмай қалуы мүмкін, көшеде көлік көп.
-Қабанбай батыр көшесіндегі сұлулық салоны ауладағы ағаштарын кесіп тастады. Біз әкімге дейін хат жаздық. Гагарин көшесі, халықаралық автовокзал маңайы да түгел оталды. Бір жыл бұрын Жаңа Семейдегі "Буратино" саябағындағы ағаштар түгелдей оталды. Бұл масқара ғой! Саябаққа жастар жаңадан ағаш егеміз депті. Өсіп тұрған сау ағаштарды кесіп тастап, көшет отырғызу деген не сұмдық?! Ешбір жерде ескі ағаштарды кесіп, орнына көшет еккенін көрген жоқпын. Осы проблеманы ТҮКШ мамандарымен бірлесе талқылауды жөн көріп отырмыз,-дейді Николай Исаев.