Түрік профессоры Өскеменге ежелгі Алтай теңізін іздеп келгенін айтты
Фырат университетінің профессоры Мұстафа Танер Шенгюн С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттеріне геоморфологиядан дәрістер оқып, Өскемен маңайының жер қыртысын, рельефін зерттеп жүр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Экология және география кафедрасының шақыртуымен келген Мұстафа Танер Шенгюн дәрістер циклін екі апта бойы оқыды. Ол былтыр да қыркүйек айында оқу орнына келіп қайтқан болатын. Геоморфология – Жер бетінің тарихи дамуындағы бедерін зерттейтін, география мен геология ғылымдарына бірдей қатысты сала.
– Мен Қазақстанға екінші мәрте қуана-қуана келдім. Қазақ ағайындарымның пәк көңілдері мен қонақжайлықтарына ризамын! ШҚМУ-да мені көне және сирек кітаптар сақталған ғылыми кітапхана ерекше қызықтырып, зертханалардың көптігі таң қалдырды, – деді М. Танер Шенгюн.
Оқу орнының баспасөз қызметі хабарлағандай, Өскеменде ғалым Ертіс бойын аралап, этноауылда болыпты. Тарханка ауылындағы тауға да барып, көне тастарды зерттеген.
– Осыдан 300-400 миллион жыл бұрын мұнда Алтай теңізінің болғанына нақ осы Тархан разрезі дәлел. Разрездің түрлі қатпарларында көне теңіз ағзаларының тасқа айналған қалдықтары сақталған. Жалпы, табиғаттарыңыз керемет, бірақ әлі қыстарыңызды көрген жоқпын. Қатты суық болатын шығар, қазірдің өзінде мұндағы ауа температурасы мен тұратын жердікінен 22 градусқа төмен, – дейді Түркиядан келген профессор.