Мұстафа Өзтүріктің Тарбағатайға келгені ел жадында
Ол тәуелсіздіктің ағарып атқан ақ таңында азаттықтың алғашқы қарлығашындай болып ата жұртына оралып, қазақ жастарына шығыс жекпе-жегі – таэквондо спортын үйретіп, әр қазақтың жүрегіне жол тапты. Сол 1990 жылы Алматыдағы цирк ғимаратында таэквондашының шетелдік шәкірттерімен бірге өткізген алғашқы жекпе -жегін тамашалуға келген ел сарай ішіне лық толып, симай қалды. Жат жерде жүрген оғыланын тағатсыздана күтіп, кеудесі дүрсілдеп, ентелеген дүйім ел көз ілеспес жылдамдықпен жанарынан от шаша атой салған жігіттің дүбірінен толқып, теңселіп кетті. «Ұлтым, қазағым» деп жеткен намысы биік, қанағаты мол, арманы асқақ азаматтың бар асыл қасиеті, «тілім, дінім» деп соққан жүрегі жастарға, халыққа рух беріп, шиыршық атқызып, қайраттандырып жатты.
Тарбағатайға келіп аунап-қунап қайтты
Елі Найман, оның ішінде Байжігіттің Мәмбетінен тарайтын Мұстафа Өзтүріктің 1994 жылдың 4 қыркүйегінде ата жұрты Тарбағатай ауданына келгені әлі күнге дейін жұрт жадында. Сол жолы Мұстафа Ақжар ауылына, оның жанындағы Құйған ауылына барып, ата бабасының кір жуып, кіндік кескен жерін басып, халықпен қауышып, анасы Рәзиямен, жұбайы Нұриләмен, енесі Әминәмен, ұлы Нәзірбекпен және Германиядан келген досы Хауспен бірге туған жерінің тау -тасын аралап, мауқын бір басып қайтқан екен.
Мұстафа Өзтүрікті қарсы алып, құрмет көрсетіп, жанында жүрген қауымның ішінде тарбағатайлық Есмұрат Қыдырмолданов та болады. Мамандығы агроном Есмұрат аға ол кезде Қарасу ауылдық округінде бас маман болып жүріпті. Бала кезінен ән айтып, танымал болған өнерпаз жігіт аудан басшыларының өтінішімен ән- жырын шашу етіп, Мұстафаны қарсы алушы топтың ішінде бірге жүреді.
- Мұстафа 1994 жылдың 4 қыркүйек күні арнайы жалданған ЯК-40 ұшағымен Ақжарға ұшып келді. Аудан басшылары шақырып, ішінде боласың деген соң мен де бардым. Қасымда сол кездегі саз мектебінің директоры баянмен сүйемелдеуші Қанапия Қайырбаев та болды. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Тиас Түсіпов , кеңшар басшысы Тұрсынхан Іргебаев, басқа да аудан басшылары Мұстафаны әуежайдан мәре-сәре болып күтіп алдық. Серік Шөкенов деген ақынымыз Мұстафаны күтіп алғанда төгілтіп арнау айтты.
Мұстафа алдымен Ақжардың мәдениет үйінде халықпен кездесті. Халықтың санында есеп жоқ еді, көп жиналды. «Алғаш елге келгенде-ақ Тарбағатайыма келуіме болар еді с, ағайын туысты, өзінің туған жерін аралап, іздеп жүр дер деп, араға біраз уақыт салып осы жолы келіп отырмын» деді ол кездесу кезіндегі елмен емен -жарқын әңгімесінде. Таэквонданың алтыншы дан иегері, алты тілде сөйлейтін ол енді орыс тілін де үйренсем деп жүргенін айтты. Әр сөзінен, ісінен, әдебінен қазақы дәстүрді құрметтейтіні, сақтайтыны қатты көрініп тұрды. Кездесу үстінде де, кейін Мысық жайлауына барған кезде де көп ән айтылды. «Тарбағатай тауларынан» бастап, Нұрғисаның « Өз елім», Әсет Бейсеуотің «Көзкөргендер», Шәмшінің «Теріскейін» басқа да әндерді айттым. Мұстафа ойға шомып тыңдады да отырды.
Мұстафаның жанында бір күн бірге болғаным маған, маған ғана емес бүкіл ел-жұртқа бірнеше жылға татырлық рухани азық, күш берді. Ол Тарбағатайға Рәзия деген анасын, енесі Әминәні, өзінің жолдасы Нұриләні ,11жасар ұлы Нәзірбекті, жолдасы, аустриялық неміс кәсіпкері Шнейдер Хаус пен оның жұбайы Ханнаны да ертіп келген болатын. Анасы Рәзия Теріс таңбалының қызы екен. 1932 жылы Қытайға бесікте жатқанда өтіпті. Мұстафа сол жолы Қазақстанға сегізінші рет келіп тұрғанын айтқан еді. Тарбағатай ауданының әкімі «Мұқаш Қадырқұлов сіз елге неге қайтпайсыз?» деп сұрады.
- Мен елде жүрмін, Қазақстан республикасының азаматтығын алдым, Елбасы екі бөлмелі үй берді Алматыдан. Мен бүгін келуге де әзірмін, бірақ Елбасның тапсырмасы бар, әлі сол жақта тұра тұр.Сен арқылы көп саяси шаруалар бар бітіретін, сондықтан сен асықпа деді,- деді. Таэквонда федерациясының вице президенті Жолдас деген жігіт те жүрді қасында. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің жастар ісі жөніндегі жетекшісі Мақсат деген жігіттер бірге жүрді. Кәсіпкер Хаус досы осы жолы Қазақстанға келгенде таэквондо федерациясына Қазақстанның көк туы түстес үлкен автобус әкеліпті. 800 жұп таэквондоның формасын әкеліп тарту етіпті,-дейді Есмұрат аға.
Қазақтың әніне досы Хаус та қайран қалды
Ертеңінде 5 қыркүйекте Мұстафа туғандарымен, досымен Құйған ауылына барып Орта Ласты заставасының арғы жағындағы Мысық деген жерде, түйе бау, бие бау ұстап отырған шаруашылықта болады. Сол жерде сегіз қанат киіз үй тігіліп, қара халық қара баласына үлкен қошемет, құрмет көрсетеді. «Нар тұлғалы азаматымыз»деп өзіне түйе, баласына тай мінгізеді. Анасы мен енесіне сый -сияпат жасалады. «Ендігі сапарым Қытай деді. Қытай Парламентінде істейтін әкесі Қабеннің Нығмет деген інісі бар екен. Әлет деген ұйғыр жігіті Қытайдың Алтай аймағынан келіп, сол кезде біздің ауданда жүрген болатын. Әлгімен Мұстафа Қытай тілінде сөйлесті. Қасындағы Хауспен немісше сөйлесіп отырады» дейді сонда Мұстафаның бірнеше шет тілін білетініне куә болған Есмұрат аға.
Ата жұртына келген Мұстафа Мысықтағы Орта Ласты өзенінің әлі сарғая қоймаған көк майсасына аунап, қунап, баласы Нәзірбегін аунатып, балаша қуаныпты. Тарбағатайдың бауырынан көтеріліп, жарқырай шыққан күннің нұрына бетін сүйгізіп, маңдайын туған жердің самалына тосыпты. Халықтың жағдайы, қазақтың бірлігі, келешегі деген сияқты келелі мәселелерді айтып, ақсақалдардың әңгімесін тыңдап, жастарға ақыл, кеңесін де берген. Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жұмабек Бейсембин еліне келген ержүрек, ақжүрек ұлына ақ батасын беріп, Мұстафаны қаумалаған ел онымен қимай-қимай қоштасады.
-Есмұрат аға, сол кездесуде сіздің өзіңіз үшін ерекше есте қалған сәт болды ма?
-Кеңшар басшылары Қабанбайдың брезенттен жасалған үлкен плакатын көтеріп қойған екен, сол жерге суретке түстік. Мұстафа сол кезде енді Қабанбай атамызға құран бағыштасақ деген тілегін айтты. Қапелімде арамызда құран оқитын адам болмай қала жаздап, біраз күбірлесіп қалдық. Одан соң «Құлхуалланы» үш қайырып, мен білетін құранымды оқыдым. «Ол жақтың бәрі орысшаланып кетті деп естіген едік, бекер екен, бар екенсіңдер» деді анасы разы болып. Рәзия апа Құйған ауылындағы ҰО соғысында қаза болғандардың ескерткіші басында шейіт болғандарға бағыштап, өзі де құран оқыды. Тағы бір есте қалған сәт сайтан суды ішпек түглі, қойғызбағандығы. Дастарханнан рюмкенің бәрін алғызып тастап «Бұл қазақстың сусыны емес!» деді. Шнейдер досы да ішкен жоқ. Ұлы Нәзірбекке «Атқа мінгің келе ме?» деп едім, «Қазір, әкемнен рұқсат сұрап келейін» деп әкесін ертіп әкелді. Ұлының да бұл жауабы маған үлкен ой салды, әлі күнге дейін көз алдымда. Мұстафа, Нәзірбек, Хаус үшеуіне үш ат мінгізіп Мысық тауын аралаттық. Тауды бөктерлеп біраз жүрді.
Мұстафамен бірге жүрген бір күніміз көрген түс сияқты болып қана қалды. Уақыттың көзді ашып, жұмғанша қалай өте шыққанын сезбей қалдық тіпті. Досы Хаус «дүние жүзінде қанша халықтың әнін естісем де дәл осындай ұлттың әуезді әнін естіп тұрғаным осы» деді. Мұстафа аударып тұрды.Содан кешкі сағат төртте Ақжар ауылынан Өскеменге Мұстафаны шығарып салдық. Ұшаққа мінгелі тұрғандарында Ескендір Хасанғалиевтің «Қаздар қайтып барады» әнін бастадым...
Бір жылдан кейін Мұстафа қайтты деген хабарды естігенде, еңсеміз түсіп, күйзеліп кеттік. Ондай қазақтан айрылу деген үлкен жоғалту ғой.
Құйған ауылында тұратын Айдарбек Мәлғаждаров аға Мұстафа Өзтүрікпен кездесу өткен сол саябақ бүгінде Мұстафа Өзтүрік саябағы деп аталатынын айтты.
Суретте: Есмұрат Қыдырмолданов