Өскеменде көмірдің сапасына қатысты наразылық көбейіп барады
Жаңа жылыту маусымына даярлық барысындағы алғашқы 4 айда Шығыс Қазақстанға тұрмыстық қажеттілік бойынша екі есе көп, ал техникалық қажеттілік бойынша 20 пайыз артық көмір жеткізілген. Алайда көмір сапасының мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жүк тасымалының» Шығыс Қазақстандағы бөлімшесінің логистика және ұйымдастыру бөлімінің бастығы Алмас Сейсемқанов атап өткендей, «жаңа жылыту маусымына даярлық барысындағы алғашқы 4 айда Жүк тасымалының Шығыс Қазақстандағы бөлімшесі бойынша (Семей аймағын қоспағанда) өңірге 709,3 мың тонна көмір әкелінген. Нақтырақ айтқанда, техникалық қажеттілік бойынша 543,2 мың тонна (өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен қарағанда 90,7 мың тоннаға көп), ал тұрмыстық қажеттілік бойынша 166,2 мың тонна көмір (өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен қарағанда 87,1 мың тоннаға көп) жеткізілген».
Теміржолшылардың мәліметіне сүйенсек, тамыздың екінші онкүндігінен бастап Шығыс Қазақстанға орташа есеппен тәулігіне 48 вагон көмір (яғни, күніне 3,3 мың тонна) жеткізіліп тұрған. Оның ішінде Өскеменде тәулігіне 23 вагон келеді. Тамыз бойы өңірге 268,7 мың тонна (тұрмыстық қажеттілікке 80,6 мың тонна) жеткізілген.
Десе де, көмірдің сапа мәселесі күннен-күнге өткір бола түсуде. Бірнеше кәсіпорындардың, атап айтқанда ЖЭО, «Востокэнерго» ЖШС-лардың көмірге жауапты «Қаражыра» АҚ-на наразылықтары өсіп барады. Себебі, жеткізіліп жатқан вагондардың ішіндегі құр жыныс, тастар мен ірі бөлшектерді мемлекеттік стандарттарға сай ұсақтауға тура келеді. Осының салдарынан көмір ашық вагондардың люктарында қыстырылып, түсірудің технологиялық мерзімінің 3 сағаттық тәртібінен тыс көмір 36 сағаттың ішінде түсіріледі.
«Осының салдарына біз жартылай ашық вагондарды тұрмыстық көмірді толайым сататын сатушыларға бере алмаймыз. Дегелеңде 800 ашық вагонымыз бар, олардың 425-ін орташа есеппен бір тәулікте тиеу керек», - дейді Алмас Сейсемқанов.
Сонымен қатар, қазіргі таңда әлеуметтік көмірді халыққа сатуға байланысты мәселе ашық күйінде қалып отыр. Қазіргі жылыту маусымында қажеттілік мөлшері 25 мың тонна болса, сұранысты толық қанағаттаттандыру үшін тағы 12 мың тонна көмір керек. Кейбір өскемендіктер өздерінің сұранысы қанағаттандырылғанша, бір ай уақыт күтуге мәжбүр.
Өскемен қаласының соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері кеңесінің төрағасы Сергей Денякин халықты әлеуметтік көмірмен қыркүйектің өзінде қамтамасыз етіп үлгеруге болатынын айтады. Оның келтірген мәліметіне сәйкес, шілде-тамыз айларында әлеуметтік қорғауға мүдделі халықтың бөлігіне 13,1 мың тонна әлеуметтік көмір сатылып қойған. Сергей Денякиннің айтуынша, бұл айтулы көрсеткіш болып табылады.
«Көмір сәтті жеткізіліп тұрса, тұрмыстық-әлеуметтік қажеттілік бойынша көмірге қатысты мәселені қыркүйекте шешуге болады», - дейді ол.