KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
478.96 533.03 5.22

ШҚО әкімі Даниал Ахметов құрылысшыларға алғыс білдірді

4.05.2018, 15:24 171

Облыс әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданындағы су тасқынының салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған құрылыс компаниялары басшыларының басын қосып, оларға атқарып жатқан шаруалары үшін алғыс білдірді.

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарының кей қорытындылары шығарылып, бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, облыс әкімі аудан басшылығына мамыр айының ортасына дейін аудандағы сатылып алынуы тиіс үйлерге қатысты құжаттар дайын болуы керектігін айтып, тапсырма берді.


– Тексеру жұмыстары 10 үйдің жөндеуге келмейтінін анықтаған. Енді сол үйлердің тұрғындарын қоныстандыратын басқа баспаналар табу қажет. Аудан басшылығы қажетті үйлерді тауып та қойыпты. Тек құжаттарын ресімдеу жағында біраз кідіріс бар екен. Сол жұмысты тездетіп тындыру керек, – деген облыс әкімінің сөзіне аудан басшысы құжаттар дайын екенін айтып, енді сол 10 үйді сатып алуға мүмкіндік беретін қаражаттың түспей жатқанын жеткізді.


Аудан әкімі Қалиқан Байғонысовтың айтуынша, бұл мақсатқа 39,7 миллион теңге бөлінуі тиіс-тін. Өз кезегінде облыс әкімі егер ағымдағы айдың ортасына дейін қажетті қаражат түспесе, аталған жұмыс облыстық бюджеттен қаржыландырылатынын жеткізді. Жиында су тасқынынан бүлінген үйлерді қалпына келтіру жұмыстары да негізінен облыстық қазына есебінен жүргізіліп жатқаны да белгілі болды.


– Облыстағы биылғы тасқынның салдарын жою жұмыстарына Үкіметтен 1 миллиард 200 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілуі тиіс болатын. Дегенмен, бүгінге дейін тындырылған шаруаның дені «Парыз» қоры мен облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың есебінен қаржыландырылғанын айтқым келеді. Осы ретте, өз атымнан қызыл судан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін қалпына келтіру жұмыстарына күн-түн демей атсалысып келетін құрылыс компаниялары басшыларына олардың шығындары міндетті түрде өтелетініне уәде беремін. Сіздердің еңбектеріңіз еш болмайды, – деген облыс әкімі бүгінге дейін атқарылған жұмысқа көңілі толатынын жеткізді.


Айта кетейік, бүгінде аудандағы Алтай, Прогресс, Предгорное ауылдары мен Белоусовка кентіндегі апат салдарын жою жұмыстарына 12 мердігер компания жұмылдырылған. Олар негізінен су басқан үйлерді қалпына келтіру міндеттерін өз мойындарына алған. Естеріңізге салайық, наурыз айының соңында болған табиғи апат кесірінен 150-ден астам үй су астында қалып, 197 отбасы қауіпсіз жерге көшірілген-ді. Соңғы есеп бойынша тасқыннан келтірілген шығын мөлшері 187 миллион теңгеге бағаланып отыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив