Даниал Ахметов: «Зырян – облыстағы қисайған қашалары ең көп аудан»
Аймақ басшысы Даниал Ахметов кезекті іссапары барысында «Зырян ауданы – облыстағы қисайған қашалары ең көп аудан» деп, өңірдегі елді мекендердің кейпін сынға алды.
– Табиғат апатынан біраз үйді су басып, алпысқа жуығы тұруға жарамсыз болып қалды. Олардың бәрі де мемлекет тарапынан жөнделеді. Бірақ ауладағы қора-қопсыны, үйлердің қоршау-қашалары мен шарбақтарын қалпына келтіру – тұрғындардың өздері-ақ атқаратын шаруа ғой, – деген аймақ басшысы сенбіліктер ұйымдастырып, ауылдарды күл-қоқыстан тазартуға үндеді.
Алдағы бір ай көлемінде ауылдық округ әкімдері тұрғындарды жұмылдырып, аулаларды тазарту, қалпына келтіру жұмыстарымен шұғылданатын болады. Атқарылған жұмысты аймақ басшысы өзінің жеке бақылауында ұстамақ.
– Әр адам өз үйін әдемі, ауласын таза ұстаса, ауылдың тазалығы мен көркіне көрік қосар еді. Кез келген адам өз ауласының, тұрғылықты жерінің таза да әдемі болғанын қалайды. Десе де, өз бетінше ағаш отырғызып, қаланы тазартайын, көркейтейін дейтіндер қатары аз, – деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов келесі аптада ауданға тағы іссапармен келіп, су басқан Зубовка ауылының тұрғындарымен кездесу өткізетінін мәлімдеді.
Облыс әкімі осы жолы Зырян ауданының орталығына және Малеев ауылына барып, тасқын салдарын жою жұмыстарының барысымен танысты. Даниал Ахметов су басқан үйлерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысына оң баға берді. Іске тәжірибелі әрі кәсіби құрылыс компаниялары тартылған.
[su_slider source="media: 30155,30168,30174,30163,30171,30170,30156,30157,30158,30159,30160,30161,30162,30169,30167,30166,30165,30164,30172,30175,30173"]